Осыдан бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде екі жылқы мен сиыр малының мұздың ортасына түсіп кеткен видеосы таралған болатын.
Осы орайда, біз де мән-жайды білгіміз келіп, куәгерлерді іздеп тауып тілдескенді жөн көрдік. Сөйтсек, ол Тасшағыл ауылына қарасты «Қоғам» елді мекенінің тұрғыны Гафар Нысанов екен. Ол кісі мән-жайды бізге былайша баяндап берді:
- Біз сол күні жолдасым екеуміз Тасшағыл ауылына балаларымызды мектепке апарып, Ойыл өзені бойындағы жолмен қайтып келе жатыр едік. Сол кезде өзен бетінен суға батып жатқан малдарды байқадық. Ойланып тұратын уақыт жоқ. Дереу көліктен түсіп, малдарды құтқаруға кірістік. Алдымен көліктің ішінде жүрген арқанды алып су ішінде тұрған жылқының мойнына құрық қылып лақтырдық. Өз күшіміз жетпегендіктен, арқанның бір шетін «Нива» автокөлігіне байлап, ақырындап тарттық. Осы әдіспен 2 жылқы, 1 сиырды жағаға шығардық,-деді.
Осылайша, суға түскен малдарды құтқарып, жағаға шығарғаннан кейін ұялы телефондарына түсіріп, «вацап» желісі арқылы тасшағылдықтарға таратқан екен. Артынша, мал иелері өз малдарын танып, дереу оқиға орнына келеді. Сөйтіп, мал иелері күннің суығына қарамай суға батқан малдарын құтқарып қалған ерлі-зайыпты Гафар Нысанов пен Айнұр Баймағанбетоваға алғысын жаудырды.
Айымгүл ҚОСЫБАЕВА