Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Екі күннен кейін табылған шопан

Биылғы қыс малға да, жанға да оңай болмай отыр.

Әсіресе, алыс жолға шығып, адасып кету оқиғасы жиі орын алуда. Сондай оқиғаның бірі – өткен аптаның сенбісі күні орын алды. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мамандарының айтуынша 6 ақпан күні кешкі сағат 19:51-де №10 өрт сөндіру бөліміне Тасшағыл ауылдық округінің «Исатай» шаруа қожалығының 51 жастағы шопаны 300 бас қойымен бірге жоғалып кеткені туралы хабарлама келіп түседі. Тасшағыл ауылынан 28 шақырым жердегі «Қособа» учаскесінде қой бағып жүрген шопан сол күні қатты боранның салдарынан бағытынан жаңылып қалған. Алғашқы күні Тасшағыл ауылдық округі әкімі аппараты мен учаскелік полицияның «Нива» автокөлігі, шаруа қожалығының «Камаз» жүк көлігі шығып, шопанды іздеген.

Алайда, күннің қараңғы түсуі салдарынан іздеу нәтижесіз аяқталды. Ертеңіне іздеу жұмыстарына жол талғамайтын «Урал-вахтовка» және «Трэкол» автокөліктері мен ауыл еріктілері, қосылып шығып, «Қособа» учаскесінің 40 шақырымға дейінгі аумағы түгелдей қаралады. Бірақ, бұл жолы да ешқандай нәтиже шықпады. Тек 8 ақпан күні түскі сағат 13:20-да жоғалған шопан «Өтеген» учаскесіндегі құм шағылдың арасынан табылды. Өзі де, қойлары да дін аман. Құтқарушылар жоғалған адамды дереу Тасшағыл дәрігерлік ауруханасына жеткізіп, денсаулығы тексерілді. Тексеру барысында шопанның денсаулығы қалыпты жағдайда екендігі анықталды. Екі күн бойы адасып кетсе де 300 бас қойды шашау шығармай бағып, аман-есен алып қалған ол осылайша ерлікке тән ісімен ел есінде қалды.

Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН

Сурет: ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT