Таяуда есі түзу адамның еріксіз жағасын ұстатқан сұмдық оқиға орын алды. Бұдан бұрын төрт баланың анасы атанған Сағыз ауылында тұратын 35 жастағы келіншек босана сала нәрестесін қоқыс жәшігіне тастай салып, қаннен-қаперсіз кете барады. Бұл туралы әңгіме әлеуметтік желі, сайт, телеарналарда желдей есті. Оқиғаның мән-жайын білгіміз келіп, тиісті мамандарға хабарластық.
Мамандардың мәлімдеуінше, әлгі келіншектің қансырап жатқаны туралы жедел жәрдем бөліміне хабар түседі. Алғашқы көмек көрсету кезінде келіншектің жаңа босанғаны белгілі болып, ол нәрестені көрсетуден бас тартады. Осы орайда, жедел іздестіру жұмыстарына кіріскен полиция қызметкерлері нәрестені қоқыс жәшігінен өлі күйінде табады. О заманда, бұ заман?! Айдың күні аманында өз сәбиінен безінетіндей әлгі анаға не күн туды екен? Жер бетіндегі қыбырлаған тіршілік иесінің барлығы баласы үшін шырылдайды емес пе? Сонда сол құрлы болмағанымыз ба?
Несін жасырайық, соңғы кезде «Безбүйрек ана, тастанды бала» деген құлаққа түрпідей тиетін ұғым пайда болды? Бұл бүгінгі қоғамның ең бір өзекті мәселесіне айналғаны рас. Осы ретте, «Әлгі ұғымның көбеюіне не себеп? Жалпы безбүйрек ана қайдан шығады?» деген сауалдар еріксіз туындайды. Міне, біз сол сұрақтарға жауап іздегенді жөн санадық.
ТӘРБИЕ – ТАЛ БЕСІКТЕН
Он бала өсіріп, тәрбиелеп, ұлымды ұяға, қызымды қияға қондырған батыр ананың бірімін. Немере-шөбере сүйіп, балаларымның ортасында ақылымды айтып, әже атанып отырған жайым бар. Бүгінде перзентханада емес, əжетханада туылатын, қасиетті бесікте емес, қоқыс жəшігінің ішінен табылатын сəбилер неге көбейді?
Жетімін, жесірін жылатпаған жұрт едік. Алайда, соңғы кездері баласын туа сала, көшеге лақтырып кететін безбүйрек аналар туралы хабарларды жиі еститін болдық. Жасыратыны жоқ, əлеуметтік желіні ашуға жүрексінеміз. Əр күні сəбиін көшеге тастап кеткендер оқиғасы көзіңе оттай басылады. Оқуға жүрегің ауырады. Совхоздың жұмысын жасап, өмірге ұрпақ әкеліп, ата-енеміздің бабын тауып тату-тәтті өмір сүрдік. Ауыр жылдарды бастан кешсек те көштен қалмадық. Отын, су, мал бағу, қой қырқу сияқты ауыр жұмыстармен қоса үй тірлігін, бала тәрбиесін назардан тыс қалдырмадық. Небір қиын қыстау кезеңдерден өтіп, ұлағатты отбасы бола білдік. Қазір интернет заманы деп, бала-шағамызбен телефонға үңіліп, бірдеңеден құр қалғандай отыратынымыз жасырын емес.
Бала тәрбиесін кейінге қалдырмай, немқұрайлы қарамауымыз керек. Әсіресе, қыз балалардың бойына қазақтың ең асыл қасиеттерін, ең бірінші, өзінің ата-анасын, ата-әжесін, одан кейін бауырларын, төңірегін, үлкендерді құрметтеу, кішілерге ізет көрсету сияқты қасиеттерді бойына сіңіре білуіміз керек. Тәрбиедегі еңбек өтеусіз кетпейді. Ал, тәрбиені босаңсытсақ, баланы бастан бетімен жіберсек, онда ұрпақтың бүлінгені. «Қызға қырық үйден тыйым» деген қазақтың мақалы қағидаға айналуы тиіс. Айтуға оңай шығар, атқаруға қиын болар, бірақ ата-аналар болып, мектеп болып, қоғам болып осы айтылғандарды орындай алсақ, ұрпағымыз жаман болып өспейтіні кәміл.
Какима МАРДАНОВА,
зейнеткер
«ҚАМҚОРШЫМ – «АНАЛАР ҮЙІ» БОЛДЫ»
Ата-анамның еркелетіп өсірген ерке қызы болдым. Бар тәттісін алдыма тосып, ешкімнен кенде қылмай өсірді. Мектепті бітірген соң, жоғары оқу орнына түстім. Оқып жүріп, қаланың жігітімен танысып, кездесе бастадым. Құшағымды гүлге толтырып, сыйлық сыйлап, жүрегімді жаулап алды. Бір күні өзімнің жүкті екенімді білдім. Жігітіме соғып жаңалықты айтып едім, шошып кетті. «Баланы алдыр» деп ұсыныс жасады. Жігітімнің үйлі-боранды екенін білдім. Күндер өте ішім де біліне бастады. Оқудан шығып, таныс құрбымның үйіне орналастым. Айы-күнім жетіп, сәбиімді бауырыма алдым. Ағайын-туыстарым менің жеңілденгенімнен хабарсыз еді. Ауылға ата-анама хабарласып едім, мені сәбиіммен қабылдаудан бас тартты.
Перзентханада жатқанда «Аналар үйі» дегенді естіп, мекен-жайын жазып алдым. Барар жерім жоқ, сәбиімді құшақтап, осы «Аналар үйіне» келдім. Бірден мені құшақ жая қарсы алды. Сәбиімді де өзімді де арнайы тексеруден өткізіп, жылышыраймен қабылдады. Сәбиіміз екеумізге арнайы жиһаздарымен бөлме берді. Бұл жерде өзім сияқты 2-3 ана бар екен. Тіпті уақыттың зырлап өткенін білмей де қалыппыз. Балам жасқа толғасын өзіме жұмыс тауып беріп, баламды балабақшаға орналастырды. Осындай Аналар үйінің арқасында мен баламды далаға тастамадым. Уақыт өте келе ата-анам да мені кешіріп, отбасыма оралдым. Сол мезгілде осы «Аналар үйі» болмаса мен де баламнан бас тартар ма едім, кім білсін?
Гүлшат БУРАБАЙ
АТА-АНАНЫҢ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУЫ КЕРЕК
Жүктілік кезінде ағза күшейген тәртіпте жұмыс жасайды. Жүрек қан тамыры, эндокриндік жүйе және ішкі органдарға үлкен жүктеме артылады. Жас аналарда көбінесе плацентарлық тапшылық, анемия, таксикоздар болады. Қыз балалардың ағзасы осындай жүктемелерге әзір емес. Ерте жаста жүктіліктің қыз балаға түрлі әсері бар. Әлеуметтік тұрғыдан қарағанда – қыз бала білім алу, жұмысқа орналасу мүмкіндіген айырылады. Қатынасқа түсе білгенмен, жас жігіт әке атанып, жауапкершілікті көтеруге асықпайды, көп жағдайда қыздар өздері қалады. Жұмысы жоқ, білімі жоқ тығырыққа тірелген жас ана дұрыс шешім қабылдай алмай, соның салдарынан баласын балалар үйіне өткізіп, не тастап кетуге мәжбүр болады. Ал, бұл өкінішке орай, ерте жүктілік салдарынан болатын, жиі кездесетін оқиға.
Сондықтан, осындай оқиға қайталанбас үшін ата-аналар балаларын қатаң бақылауға алып, бей-берекетсіз жүруіне тосқауыл қою керек. Әсіресе, бойжеткен қыздармен аналары сырлас болуы қажет. Тәлімді де тәрбиелі отбасынан шыққан қыз балалар мұндай қадамға бармайды деп есептеймін. Жалпы, ерте жастан жүктіліктің алдын-алу бағытында жасөспірімдерге акушер гинекологтар және жалпы практикалық дәрігерлермен кеңес беріліп, дәріс оқылды. Брошюралар таратылып, тренинг өткізілді. Мектеп медбибісі мен аудандық аурухананың акушер-гинеколог дәрігерлері бірлесіп, жоғары сыныптың қыз балаларына ерте жүктіліктің зиянды екені, нәтижесінің қандай болатыны жөнінде толықтай мағлұмат беріліп отырады.
Света САҚТАҒАНОВА,
акушер-гинеколог
АЛДЫН АЛУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
Соңғы жылдары қыз балалар арасында ерте отбасын құру жиі орын алып отыр. Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі аудандық комиссия отырысында «Ерте жастан жүктіліктің алдын алу және қыздар тәрбиесі бойынша» мәселелер жыл сайын қаралып, талқыланып отырады. Аудандық орталық емханада арнайы психологиялық көмек көрсету орталығы бар. Онда арнайы мамандар бірлесіп, жасөспірімдерге қол ұшын беруге дайын. Жалпы аудандық орталық емханасында «Жалын» жастар денсаулық орталығы, жастар және жасөпірімдермен семнинар-тренинг, ашық есік күні, кездесулер өтіп тұрады. Мектептерде аудандық аурухананың акушер-гинеколог дәрігерлерінің қатысуымен, «Ерте жастан жүктіліктің алдын алу, ерте отбасын құру және оның қылмыстық жауапкершілігі» тақырыбында, семинар кеңес, дөңгелек үстел, тренинг өткізіледі.
Онлайн оқуға көшкелі жоғары сынып оқушылары арасында zoom платформасы арқылы «Ерте жүктілік пен жасанды түсіктің алдын алу» бағытында семинар болды. Әлеуметтік желілерде ерте жастағы жүктіліктің алдын алу жұмыстары жөнінде жарияланып, ақыл-кеңес беріліп отырады. Сонымен қатар, барлық білім беру ұйымдарында «Ерте жастағы неке проблемасы және отбасын құруға жауапкершілікті қалыптастыру» тақырыбы аясында кыздар кеңесі, аналар кеңесінің ұйымдастыруымен онлайн шаралар ұйымдастырылып, мектеп медбикелерімен бірлескен түрде қыз балалардың тазалығы, гигиеналық талаптар туралы түсінік жұмыстары жүргізіліп келеді. Осы тұста, әрбір ата-ана балаларының әр басқан қадамын мұқият қадағалап отырса, ондай отбасыдан тәлімді де тәрбиелі азамат өсіп шығады деген ойдамын. Сондықтан, тәрбие мәселесі осалсымау керек.
Бақтыгүл БАҒЫТЖАНҚЫЗЫ,
аудандық білім бөлімінің бас маманы
ТҮЙІН. Қалай болғанда да, безбүйрек ана, тастанды балалардың көбеюі қоғамның азғындауына әкеліп соғатыны сөзсіз. Сондықтан, сіз болып, біз болып алдын алу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілсе игі.
Кәмшат ӘБІШ
Сурет: ашық дереккөзден