Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

БЖЗҚ ақшасы қалай басқарылып отыр

Коллаж: Kazinform
Коллаж: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгінгі материалда мемлекет Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қазақстандықтардың ақшасын Ұлттық банк арқылы қалай басқарып отырғанына шолу жасаймыз.

БЖЗҚ-ның жалпы ішкі өнімдегі үлесі төмендеп келеді

БЖЗҚ-дағы қажеттілік шегінен артылған соманы тұрғын үй мен емделуге жұмсау рұқсаты берілгеннен бері қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарына деген қызығушылығы артқаны байқалады. Бұл үрдісті халықтың қаржылық сауатын көтеретін оң тенденция деп бағалауға болады. Әлеуметтік желіден «БЖЗҚ-дағы ақшам бір түннің ішінде ондаған мың теңгеге кеміп қалыпты» дейтін шағымдарды жиі оқитын болдық. Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі де, БЖЗҚ басшылығы да ондай шағымдарға шоттағы ақшаның көлемі инвестициялық табысқа байланысты құбылып тұратынын айтудай-ақ айтып келеді.

- Өкінішке қарай, салымшылар жиі түсінбей жатады. БЖЗҚ-ның инвестициялық табыстылығын кейінгі екі айдың қорытындысына қарап бағалауға болмайды. «Мен шығынға баттым» деп жатады. Бұл - олай емес. Инвестициялық табыстылықты ұзақ мерзіммен есептеп қарау керек, - дейді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиева.

Бірақ бүгін-ертең артылған соманы тұрғын үй мәселесін шешуге немесе емделуге жұмсағалы отырған адам үшін сол сәтте шоттағы ақшаның азайып шыға келгені әділетсіздік болып көрінетіні түсінікті. Қаржы нарығының қарапайым қисынға сыя бермейтін қалтарыстарын қарапайым тілмен талдап көрейік.

Сонымен, елімізде БЖЗҚ-ға 11 млн 141 мың 115 адам міндетті салымшы ретінде, 439 мың 212 адам ерікті салымшы ретінде, 714 мың 78 адам міндетті кәсіптік зейнетақы салымшысы ретінде тіркелген. Демек, 20 миллионнан астам халықтың 12,2 миллионы БЖЗҚ-ға ай сайын ақша аударып келеді деген сөз.

Өткен бір жылдың ішінде салымшылардың шотындағы жинақтарға 4 трлн 674,2 млрд теңге түскен. Осылайша БЖЗҚ-дағы активтің жалпы сомасы 22 трлн 538,9 млрд теңгеге жетіп отыр.

Қордың бір жылдағы таза инвестициялық кірісі 3 трлн 334,8 млрд теңгеге немесе 35,6% өскен. 12 айда қордан 1 трлн 323,9 млрд теңге төлем жасалған. Оның 407,2 млрд теңгесі тұрғын үй жағдайын жақсартуға, 178,3 млрд теңгесі емделуге біржолғы төлем ретінде берілген.

Бір жылда зейнетақы жинақтарындағы ақшаның жалпы массасы 26,2 пайыз өскен. Соның ішінде ерікті жарналардың сомасы 5,3 млрд теңгеден 7,9 млрд теңгеге дейін немесе 49,1 пайыз артқан.

БЖЗҚ активінің теңгедей мөлшері жыл сайын артып келе жатқанымен елдің жалпы ішкі өніміндегі үлесі 2022 жылдың қаңтарынан бері төмендеп келеді. Бұл көрсеткіш 2022 жылдың басында 18,3 пайыз болса, 2023 жылы 15,6 пайыз, 2024 жылы 14,9 пайыз болған.

БЖЗҚ-ның инвестиция портфелінде қай елдің үлесі басым?

Ұлттық банктің БЖЗҚ активін инвестициялау саясатын «тым консервативті» деп сынайтындардың даусы кейінгі кезде қаттырақ шығып жүр. Шынымен де, БЖЗҚ ақшасы табыстылық көрсеткіші ұзақ мерзімде ғана жақсы нәтиже беретін активтерге салынған. Есесіне, ол акциялар мен облигациялардың құны күрт түсіп кетеді дейтіндей тәуекел аз.

Жуырда Сенат ұйымдастырған дөңгелек үстелде осы саясат біртіндеп өзгеретіні айтылды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, Ұлттық Банктің, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының, БЖЗҚ-ның және зейнетақы активтерін басқарушы компаниялардың өкілдерінен құрылған жұмыс тобы кірістіліктің ең төмен деңгейіне жаңа тәсіл енгізу үшін композиттік индексті ұсынып отыр.

Бұл тәсіл ETF (түрлі компаниялар ұсынатын құралдардан жасақталған әмбебап акциялар) сатып алу мүмкіндігін ашып, шетел валютасына инвестициялау лимиттерін ұлғайтуға бағытталған.

БЖЗҚ ақшасы қандай акциялар мен облигацияларда жатыр? Эмитенттер, қаржы құралының түрі және инвестициялық портфельдегі пайыздық үлесі мынадай:

ҚР Қаржы министрлігі (мемлекеттік бағалы қағаз, инвестициялық портфельдегі үлесі - 52,99%)
«First Heartland Jusan Bank» АҚ (облигациялар, 0,7%)
«Қазақстан Халық Банкі» АҚ (жай акциялар, 2,23%)
«Банк ЦентрКредит» АҚ (облигациялар, 0,31%)
«Bank RBK» Банкі» АҚ (облигациялар, 0,92%)
«ForteBank» АҚ (облигациялар, 0,37%)
«Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» АҚ (облигациялар, 0,33%)
«Kaspi Bank» АҚ (облигациялар, 0,65%)
«Еуразиялық банк» АҚ (облигациялар, 0,02%)
«Нұрбанк» АҚ (жай акциялар мен облигациялар, 0,03%)
«Қазақстан Даму Банкі» АҚ (облигациялар, 0,95%)
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ (облигациялар, 6,57%)
«Эйр Астана» АҚ (жай акциялар, 0,11%)
«KEGOC» АҚ (жай акциялар мен облигациялар, 0,56%)
«Атамекен-Агро» АҚ (артықшылықты акциялар, 0,06%)
«Кселл» АҚ (жай акциялар, 0,27%)
«Fincraft Resources» АҚ (артықшылықты акциялар, 0,02%)
«Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ (облигациялар, 1,42%)
«БАЯН СУЛУ» АҚ (жай акциялар, 0,00%, 630,2 млн теңге)
«АБДИ» АҚ (облигациялар, 0,01%)
«Қазақтелеком» АҚ (облигациялар, 0,22%)
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ (облигациялар, 0,21%)
«Dosjan temir joly» АҚ (облигациялар, 0,04%)
«КазТрансОйл» АҚ (жай акциялар, 0,05%)
«Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ (облигациялар, 0,84%)
«Ұлттық атом компаниясы «Қазатомөнеркәсіп» АҚ (депозитарлық қолхаттар, 1,39%)
«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ (облигациялар, 0,06%)
«СевКазЭнерго» АҚ (облигациялар, 0,02%)
«АстанаГаз КМГ» АҚ (облигациялар, 0,55%)
«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ (облигациялар, 0,07%)
CHINA CINDA 2020 I MNGMN (еурооблигациялар, 0,05%)
PERUSAHAAN LISTRIK NEGAR /Индонезия/ (облигациялар, 0,16%)
EI SUKUK CO LTD /БАӘ/ (еурооблигациялар, 0,08%)
Khazanah Capital LTD /Малайзия/ (еурооблигациялар, 0,06%)
MVM Energetika Zrt /Мажарстан/ (еурооблигациялар, 0,10%)
OFFICE CHERIFIEN DES PHO /Марокко/ (еурооблигациялар, 0,03%)
Khazanah Global Sukuk Bhd /Малайзия/ (еурооблигациялар, 0,06%)
Saudi Arabian OIL CO (еурооблигациялар, 0,03%)
CODELCO INC /Чили/ (облигациялар, 0,19%)
Swedish Export Credit Corporation (облигациялар, 0,37%)
EXPORT-IMPORT BANK KOREA (облигациялар, 0,18%)
NBN CO LTD (облигациялар, 0,12%)
Korea Development Bank (облигациялар, 0,27%)
ABU DHABI DEVELOPMENT HO (еурооблигациялар, 0,10%)
MDGH SUKUK LTD /БАӘ/ (еурооблигациялар, 0,12%)
Merrill Lynch /АҚШ/ (PPN негізгі қорғалған ноталар, 0,05%)
Masdar ABU DHABI (еурооблигациялар, 0,12%)
Bank Gospodarstwa Krajow /Польша/ (еурооблигациялар, 0,09%)
ADNOC MURBAN RSC LTD /БАӘ/ (еурооблигациялар, 0,09%)
Korea National Oil Corp (облигациялар, 0,03%)
Freeport Indonesia PT (облигациялар, 0,11%)
MDGH GMTN (RSC) LTD /БАӘ/ (еурооблигациялар, 0,09%)
QNB FINANCE LTD /Қатар/ (еурооблигациялар, 0,08%)
Korea Gas Corporation (облигациялар, 0,09%)
Saudi Electricity Sukuk (еурооблигациялар, 0,30%)
Korea Hydro & Nuclear Power (облигациялар, 0,15%)
KOREA HOUSING-FINANCE CORPORATION (облигациялар, 0,15%)
ARAB PETROLEUM INVST (еурооблигациялар, 0,12%)
CPPIB CAPITAL INC /Канада/ (облигациялар, 0,12%)
Citigroup Inc (PPN, 0,00%, 548, 05 млн теңге)
Emirates NBD Bank PJSC (еурооблигациялар, 0,03%)
EMPRESA NACIONAL DEL PET /Чили/ (облигациялар, 0,02%)
Парагвай Республикасының Үкіметі (облигациялар, 0,08%)
Индонезия Республикасының Үкіметі (облигациялар , 0,62%)
Румыния Үкіметі (еурооблигациялар, 0,30%)
Филиппин Республикасының Үкіметі (облигациялар, 0,40%)
Колумбия Республикасының Үкіметі (облигациялар, 0,45%)
Шарджа Әмірлігінің Үкіметі (еурооблигациялар, 0,18%)
Америка Үкіметі (облигациялар, 12,33%)
Перу Республикасының Үкіметі (облигациялар, 0,26%)
Израиль Үкіметі (облигациялар, 0,16%)
Оман Сұлтанатының Үкіметі (еурооблигациялар, 0,44%)
Бразилия Үкіметі (облигациялар, 0,45%)
Панама Республикасының Үкіметі (облигациялар, 0,28%)
РФ Қаржы министрлігі (еурооблигациялар, 0,09%)
Мексика Құрама Штаттары (облигациялар, 0,87%)
Гватемала Республикасының Үкіметі (облигациялар, 0,04%)
Сауд Арабиясы Үкіметі (еурооблигациялар, 0,25%)
Марокко Корольдігінің Үкіметі (еурооблигациялар, 0,15%)
Қатар Үкіметі (еурооблигациялар, 0,14%)
Индонезия Республикасының Үкіметі (облигациялар, 0,04%)
Чили Республикасының Үкіметі (облигациялар, 0,15%)
Венгрия Үкіметі (еурооблигациялар, 0,18%)
Шығыс Уругвай Республикасының Үкіметі (облигациялар, 0,04%)
Сауд Арабиясы Үкіметі (еурооблигациялар, 0,07%)
Польша Республикасының Үкіметі (облигациялар, 0,06%)
Абу Даби Әмірлігінің Үкіметі (еурооблигациялар, 0,09%)
Болгария Республикасының Үкіметі (еурооблигациялар, 0,03%)
Inter-American Investment Corporation (облигациялар, 0,14%)
Еуропа қайта құру және даму банкі (еурооблигациялар, 1,41%)
Еуразиялық даму банкі (облигациялар, 0,16%)
Азиялық даму банкі (еурооблигациялар, 0,19%)
Central American Bank for Economic Integration (облигациялар, 0,15%)
OPEC Fund for International Development (еурооблигациялар, 0,18%)
KASE клирингк орталығы АҚ (клирингтік қатысу сертификаты, 0,09%)
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі (салымдар, 3,96%)
БЖЗҚ-ның шетел валютасымен сақтаулы активтері 41,2% болса, теңгемен сақтаулы активтері - 58,8%.

«БЖЗҚ – Ұлттық қор емес»

Қаржы сарапшыларының арасында БЖЗҚ-ның инвестициялық саясаты бұрынғыдай барынша сақтыққа құрылу керек деп есептейтіндер көп. Өйткені, ат төбеліндей топтың қате шешімі миллиондаған адамның табан ақы, маңдай терімен тапқан зейнетақы жинағын құнсыздандырып жіберуі мүмкін.

Мария Хаджиеваның Сенат депутатының сұрағына жауап бере отырып:

- БЖЗҚ – Ұлттық қор емес. Ол жерде әрбір қазақстандықтың еңбекпен тапқан ақшасы жатыр, - дегені осы пайымдармен үндес.

Мұндай күмәндер БЖЗҚ ақшасы «Эйр Астана» акционерлік қоғамының акцияларына салынғаннан кейін күшейе түсті. Осыдан бір жыл бұрын ІРО-ға шығарылған кезде Air Astana акциялары 1 200 теңгеден сатылған болатын. Бір жылдың ішінде акциялардың құны 25 пайыз түсіп кеткен.

Компания басшысы Питер Фостер жуықта БАҚ-қа берген сұхбатында бұл жағдайды бүкіл әлемдегі тенденция ретінде бағалап, нарықтағы ірі ойыншылардың ішінде 1-2 компанияның акциясы ғана 2024 жылы өсім көрсеткенін айтты.

«БЖЗҚ ақшасын әуе компаниясының акциясына салар кезде шешім қабылдаған лауазымды адамдар осы жағын неге ескермеген?» дейтін сұрақ туындайды.

Ұлттық банк Монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынханов биылғы көрсеткіштерге қарап Air Astana акцияларына ақша салу қате болды деп айтуға ерте деп есептейді.


Фото: Ұлттық банк

- Инвестициялық қызметті нақты бір қаржы құралымен ғана өлшеуге болмайды. Өз сәтінде табысты құралдар да, табысы азырақ құралдар да болады. Бұл жұмысты белгілі кезеңде және портфельдер жиынтығында қарау керек. Жалпы инвестициялар портфелін алып қарасақ, үлесі 0,1 пайыз ғана шығар. Сондықтан нақты бір құралдың белгілі бір уақытта құлдырап кеткеніне қарап. инвестицияның қаншалықты сәтті не сәтсіз болғанын бағалауға болмайды. Мен жалпы портфельді бағалай аламын. Жалпы портфель айтарлықтай табысты, - дейді Ұлттық банк өкілі.

Жалпы 2024-2025 жылдарға БЖЗҚ-дан 2 трлн теңгеге дейін ғана алу туралы шек қойылған.


Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

- Бүгінге дейін қордың 173 млрд теңгесі Өнеркәсіпті дамыту қорының көлік инфрақұрылымы саласындағы жобаларын қаржыландыруға, 213 млрд теңгесі агроөнеркәсіп кешені жобаларын қаржыландыруға бағытталды, - дейді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов.

Ұлттық экономика министрлігі БЖЗҚ-ның 1,5 трлн теңгесін «Самұрық-Қазынаның» электр энергиясын өндіру және газ өңдеу жобаларына беруді ұсынып отыр. 

Ал аталып өткен 173 млрд теңге «Бәйтерек» арқылы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына Stadler вагондарын сатып алуға берілді. Ел арасында «ҚТЖ» - ұлттық компаниялардың ішіндегі ең тәуекелі жоғары құрылым» дейтін пікір бар. Былтыр Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайыловтың «Қазақстан темір жолы» дефолт алдында тұрғанын айтқаны есімізде. Құзырлы органдағы құзыретті мамандардың өзі жағдайын осылай бағалап отырған компанияның жобасына БЖЗҚ ақшасының салынып жатқанын салымшылар ұнатып отыр деуге келмес.

Жинағыңызды өзіңіз басқарғыңыз келсе...

Осындайда салымшылар тарапынан: «Жинақтағы ақшамызды неге бізбен ақылдасып салмайды», «Бірде кедей, бірде бай «ҚТЖ» мен Air Astana-ға салғанша әлем бойынша табыстылардың көшін бастап тұрған Apple, Microsoft, Tesla-ға неге салмайды?» - дейтін сұрақ көп қойылады.

Ұлттық банк өкілі Нұржан Тұрсынхановтың Сенат қабырғасында айтқан мәліметіне сүйенсек, БЖЗҚ ақшасы салынған шетелдік валютамен сақтаулы 1 мыңнан астам эмитенттің ішінде Apple, Microsoft, Tesla-ның құралдары да бар.

Бұл жерде әңгіме әлемнің дамыған елдеріне тиесілі компаниялардың акцияларынан тұратын Custom MSCI World Index эталон портфелі туралы болып отыр. Қаңтарда акциялар субпортфелінің құны 165,55 млрд теңгеге ұлғайған. 23 дамыған елге тиесілі компаниялардың 1 352 акциясынан құралған индекстің 73,2%-ы АҚШ компанияларының акциялары болып отыр. Соның ішінде ең табысты он құралдың арасында Apple бірінші, Microsoft үшінші, Tesla жетінші орында тұр.

Нұржан Тұрсынханов салымшылардың «БЖЗҚ ақшасын инвестицияламай тұрып бізбен неге ақылдаспайды?» деген уәжін орынсыз деп есептейтінін айтады.

- Әлеуметтік кодекс пен Ұлттық банк туралы заңда Ұлттық банк зейнетақы активтерін сенімгерлік негізде басқарушы болып бекітілген. Бүгінгі таңда зейнетақы қорында 22 трлн теңгеден астам ақша бар. Ұлттық банктің міндеті – қордың шынайы табыстылығы. Өткен жылдың қорытындысы бойынша инфляция 8,6 пайыз болғанда, БЖЗҚ табыстылығы 17,84 пайыз болды. Сонда біз салымшыларға шынайы мәнде 9 пайыз табыс әкелдік деген сөз. Кейінгі 10 жылдың көрсеткішін қарасақ, жиынтық инфляция 156 пайыз болғанда, табыстылық 180 пайыз болды. Демек, кейінгі 10 жылда Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ жыл сайын инфляция деңгейінен жоғары табыстылық көрсетіп келеді, - дейді ол.

Заңнама бойынша салымшылар зейнетақы жинақтарының 50%-ына дейін инвестициялық портфельді жеке басқарушыларға бере алады. Ол үшін салымшы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына басқарушы компанияны таңдау туралы өтініш беруі қажет. Ал ондай басқарушылардың тізімін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ресми сайтында үнемі жаңартып отырады.

Бір сөзбен айтқанда, Ұлттық банктің БЖЗҚ-ақшасын инвестициялау саясатына көңілі толмайтын адам өзіне қолайлы басқарушы компанияны таңдап, жинақтағы ақшасының тең жартысын осы салаға маманданған адамдарға сеніп тапсыра алады.

2025 жылдың басындағы жағдай бойынша 50 мыңнан астам салымшының 65 млрд теңгеден астам жинағы жеке компаниялардың басқаруында.

2025 жылдың 1 ақпанындағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтарының бір бөлігін инвестициялық портфельді басқарушыға аудару туралы өтініштерінің саны мен сомасы төмендегідей:


Фото: Kazinform
Ал 1 қаңтардағы жағдай бойынша «Jusan Invest» АҚ-ның сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері 10 млрд 728,34 млн теңге болған. Теңгемен номиналданған құралдардың орташа кірістілігі жылдық межеде - 12,81%, доллармен номиналданған құралдардың орташа кірістілігі - 4,78%, еуромен - 9,9% көрсеткен.

«Halyk Global Markets» АҚ сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелі 4 млрд 846,99 млн теңгеге жеткен. Теңгемен номиналданған құралдардың орташа кірістілігі жылдық межеде - 12,17%, доллармен номиналданған құралдардың орташа кірістілігі - 5,91% болған.

«BCC Invest» АҚ сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері 5 млрд 506,86 млн теңгеге жеткен. Теңгемен номиналданған құралдардың орташа кірістілігі жылдық межеде - 12,63%, доллармен номиналданған құралдардың орташа кірістілігі - 6,06% болған.

«Halyk Finance» сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері 42 млрд 242,07 млн теңге болған. Теңгемен номиналданған құралдардың орташа кірістілігі жылдық межеде - 11,72%, доллармен номиналданған құралдардың орташа кірістілігі - 5,42% көрсеткен.

«Сентрас Секьюритиз» АҚ сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері 1 млрд 907,89 млн теңгеге жеткен. Теңгемен номиналданған құралдардың орташа кірістілігі жылдық межеде - 12,29%, доллармен номиналданған құралдардың орташа кірістілігі - 5,30% болған.

Ал Ұлттық Банкінің сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері 22 трлн 415 млрд теңгеге жеткен. Теңгемен номиналданған құралдардың орташа кірістілігі жылдық межеде - 11,33%, шетелдік валютамен номиналданған құралдардың орташа кірістілігі - 5,05% болған.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT