Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Әділетті Қазақстан: Заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында еліміздің жарқын болашағы үшін маңызды бірнеше жайтты сөз еткен болатын. Соның бірі – есірткі саудасына және нашақорлыққа қарсы күрес.
Шынымен де, бұл тақырыптың қазіргі кезде өзекті болғаны соншалық - кім-кімді болса да ойландырмай қоймайды. Қоғамдағы түрлі қылмыс атаулы ащы сумен арбалып, есірткіге елірудің салдарынан да болып жатқаны жасырын емес. Жолдауда Президент:
«...Есірткі мәселесі ушығып барады. Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік еткен қоғам құруымыз керек, өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек. Мен бұл туралы құрылтайдың отырысында айттым. Елдің болашағына кесірін тигізетін бес кеселге тоқталдым. Содан бері біршама жұмыс атқарылды. Вандализмге, лудоманияға тосқауыл қоятын заңдар қабылданды. Вейпке, яғни электронды темекіге тыйым салынды. Қабылданған шаралардың нәтижесі қазірдің өзінде көрініп жатыр. Әлеуметтік кеселдің бәрімен тұтас жұрт болып күресуіміз қажет» деген еді.
Ендеше, сіз бен біз, қоғам болып осыған қарсы тұруымыз керек. Себебі, бәріміз де бала өсіріп, ұрпақ тәрбиелеп отырмыз. Олардың осындай жаман жолға түсіп кетпеуіне тосқауыл бола алғанымыз жөн. Демек, талбесіктен тәрбиеге жете мән бермек керек. Біліммен сусындатып, спортқа жақын қылып, бос уақыттарын тиімді жұмсауды дастарқан басындағы әңгімеде саналарына сіңіре білсек, ұтылмаймыз. Әйтпесе, "уақытымыз жоқ" деп балаларымызды қадағалаусыз қалдырып жүргенде, бәрі де кеш болуы мүмкін ғой. Ал, әрекеттен оң нәтиже болары анық.
Ақмарал БОКИРОВА,
көпбалалы ана