Дүйсенбі күні осындай тақырыпта Б.Аманшин атындағы орта мектепте өткен шараға ауған соғысының ардагерлері Марат Сәрсенғалиев, Абай Мұғалімов, Алпамыс Ақбатыров шақырылып, мектеп мұғалімдерімен, оқушылармен кездесті.
Сондай-ақ, кездесуге мектептегі «Даналық мектебі» орталығының «Аталар мен ағалар мектебінің» қатысушылары да шақырылды. Шараға келген қонақтар алдымен мектептегі алғашқы әскери дайындық сыныбында өтіп жатқан «Алғашқы медициналық көмек» сабағына қатысты.
Мектеп залында Мемлекеттік Әнұран ойналып, Ауған соғысынан оралмаған боздақтарды бір минут еске алғаннан соң шара шымылдығы мектеп оқушысы Айымгүл Самғатқызының орындауындағы «Қазақстаным менің» әнімен ашылды. Бұдан кейін кеш қонақтары кезегімен «Жастардың әскер қатарына барудан қашатын себебі не? Ауған соғысында көрген қиыншылықтарыңыз көп пе? Қазіргі таңда ардагерлерге қандай көмектер берілуде? Ауған соғысының мақсат-мүддесі түсіндірілді ме? Соғысқа өз еріктеріңізбен бардыңыздар ма, әлде бұйрыққа бағындыңыздар ма?» деген сұрақтарға жауап берсе, «Аталар мен ағалар мектебінің» қатысушыларына «Қазіргі бейбіт заман сарбаздарынан қандай батырлық, ерлік қасиеттерін көріп жүрсіздер? Ерлік, батырлық, жауынгерлік ұғымдарын жастар арасында қалай насихаттаған дұрыс? Қазіргі жастар өз елінің патриоты ретінде қандай болуы керек?» деген бағытта сұрақтар қойылды. Оған Қоныс Мұқанов, Мақсот Мұқанов, Мәлік Төлеуішовтер жастар арасында патриоттық тәрбие беру бағытында іс-шаралардың көптеп өтуі, спортпен шұғылдануы қажет деген пікірлерімен бөлісті.
Кеш барысында қонақтар мектеп мұғалімі Жандос Дүйсенбаев жетекшілік ететін «Алау» әскери-патриоттық клубы мүшелерінің алғашқы әскери дайындық жаттығуын, мектеп оқушылары қойған шағын концерттік бағдарламасын тамашалады. Шара соңында мектеп директоры Зада Жаңабаева уақыттарын бөліп қатысқан кеш қонақтарына мектеп ұжымы атынан ризашылығын білдіріп, өз атынан Алғыс хат табыс етті.
Бауыржан САҚТАСЫНОВ