Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ӘСЕРЛІ ӘҢГІМЕСІМЕН БӨЛІСТІ

Мұқыр ауылдық клубының ұйымдастыруымен «Ауғанның асуында от кешкендер» тақырыбында шара өтті.

Отанды құрметтеу, еркіндікті бағалай білу, ұлтжандылыққа тәрбиелеу, Ауған соғысы ардагерлерінің ерліктерін еске сақтап, оларды үлгі ету мақсатында өткен кешке Сағыз ауылының тұрғыны, ауған соғысының ардагері, «Ерлігі үшін» медалінің иегері Нұрман Мажеков шақырылды.  
    Жат жерде он жылға созылған мақсатсыз соғыста қаза тапқан ерлерді бір минут үнсіздікпен еске алған соң ауған соғысы туралы бейнебаян көрсетілді. Кеш қонағы Нұрман Мажеков шараға қатысушылардың қойған сұрақтарына жауап беріп, соғыста  болған оқиғаларды, қарулас достарының ерлік істерін, көрген қиыншылықтарын айтып, басқа да естеліктерімен бөлісті.  

«Біздер Отан алдындағы борышымызды өтеуге келгенде жат жерде соғысамыз деп мүлде ойлаған жоқпыз. Бірақ әскери ант қабылдаған соң бұйрыққа бағыну керек болды. Соғыстың аты соғыс. Тау арасында тұтқиылдан тап беретін «душмандардың» қаруынан қаншама сарбаз қыршынынан қиылып, қаншама адам жарақат алып мүгедек болды. Олардың ерлік істері ұмытылмақ емес. Қазір біз тәуелсіз елміз. Ендеше, біз жас жеткіншектерді өз Отанын сүюге, қазақ жерінде дүние есігін ашқандықтарын мақтан тұтатындай етіп, патриоттық рухта тәрбиелеуге тиіспіз. Жас ұрпақ аталарының, алдыңғы буын ағаларының ерлік істерін  білуге тиіс. Сонда ғана, Отанын сүйетін нағыз патриот жастар  тәрбиелейміз» деді кездесу барысында ауған соғысының ардагері Нұрман Мажеков.

Кездесу кешіне келген  Мұқыр ауылдық бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Ақниет Сақиев, ардагер ұстаз Қанзиба Бөлекбаева Ауған соғысы, оған қатысқан жерлестеріміздің ерлік істері жайлы өз пікірлерін ортаға салса, Мұқыр ауылдық округінің әкімі Азамат Жақсиев  кеш қонағы ауған соғысының ардагері Нұрман Мажековке тәрбиелік маңызы зор әсерлі әңгімесіне алғысын білдіріп, естелік сыйлық ұсынды. Сондай-ақ кеш қонақтары Мұқыр ауылдық клубы өнерпаздарының тамылжыта салған әндерін тыңдап, мың бұралған биін тамашалады. 
Бауыржан ОҚАСҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521