Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Билер кеңесі халықпен кездесті

Өткен аптада «Билер кеңесі» мүшелері «Арман» мәдениет үйінде халықпен кездесу өткізді.

Кездесуге аудан тұрғындары, мекеме, бөлім қызметкерлері, кәсіби емес медиаторлар, үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты. Кездесуді аудандық соты төрағасы Айтжан Досмағамбетова ашып: – Елдігіміздің беріктігін нығайту мақсатында биліктің бір тармағы ретінде бүгінгі соттар кешегі өткен билердің ісін жалғастырып, ел ішінде туындаған дауларды шешуде, оны мән-мағынасы бойынша ғана қарап қоймай, екі тараптың бітімге қол жеткізу жолдарын медиация институты арқылы ел арасында кеңінен насихаттауда. Ел болған соң дау-дамайсыз болмайтыны анық. Бірақ сол жанжалды ушықтарымай дер кезінде шешуге қол жеткізу жолдарын дамыту, бүгінгі күнде қай жиынның болса да басты тақырыбына айналып отыр. Өйткені ұлтымызға жат жағдайлардың белең алуы, салт-дәстүріміздің ұмытылып, құндылықтарымыздың құнсызданып, дүние игіліктері көбірек дәріптелетін қазіргі қоғамда адамдардың бір-біріне деген мейірімі мен сыйластығы азайып, қатыгезденіп бара жатқаны жасырын емес.

Би – дау-жанжалға билік айтушы адам. Би халықтың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін жақсы білумен бірге сөз таласында шешендігімен, даулы істі қарауда тапқырлығымен дараланып, ел ішінде беделді тұлға болуы тиіс. Өнегелі қарияларымыз ер балаларға «Би бол, би болмасаң би түсетін үй бол» деп тегін бата бермеген. Билер билік шығару және оның орындалу әдістерін белгілеуде тараптардың тең құқықтарын сақтап отыруы керек. Ұлы қазақ даласы билігінің белгілі дара тұлғалары Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би бастаған дана билер ел арасындағы кез келген дауды бітімгершілік жолымен шешіп, халқымыздың татулығын, ауызбіршілігін, тұтастығын сақтаған болса, біздің қазіргі құрылып отырған билер кеңесінің де мақсаты осы, – деді. Шара барысында сөз алған билер кеңесінің мүшелері Құмар Хасан мен Жауқаш Тұрдағали атқарылған жұмыстарын баяндап, құрылған кеңестің аудан халқы үшін өте тиімді екенін, әрі бір-біріне ағайын-туыс болып келетін ауыл халқы үшін аса пайдалы екенін атап көрсетті. Ауданда билер кеңесінің құрылғанына көп уақыт бола қоймаса да, тұрғындардың дау-дамайларын шешуде біраз жұмыстар атқарылған. Кеңес мүшелері белгіленген жоспар бойынша қабылдау өткізіп, шешімін тапқан мәселелерде жетерлік. Кездесу соңында ауыл тұрғындары сұрақтар қойып, тұщымды жауаптарын алды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521