Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Басылым мақсаты - оқырманның сенімінен шығу

Жетпіс жылға жуық тарихы бар аудандық «Қызылқоға» газеті қазіргі таңда халықтың жаршысына айналып, аудан өмірімен біте қайнасып келеді. Ақпарат ағыны тасқындаған дәл қазіргі кезеңде газетіміз де бәсекеге қабілетті болу үшін күш салуда.

«Атырау-Ақпарат» ЖШС басшылығы газеттің материалдық базасын нығайтып, әр санның көркем де тартымды шығуына айрықша назар аударуда. Тамыз айынан бері газет форматы заман талабына сай өзгеріп, жан-жақты сарапталған мақалалар жиі жариялануда. Басылым тірегі – ойлы оқырман болса, шығармашылық топтың міндеті – оқырмандардың сенімінен шығу.

Сондықтан, алыс елді мекен тұрғындарының мұң-мұқтажы, ұсыныс-пікірлеріне арнап «Бұқара үні», «Тұрғындар тілегі» беті ашылса, жастар үшін «Ел ертеңі», оқырмандар үшін «Оқырман және біз», денсаулық бағытында «Бірінші байлық» беттері жарияланып келеді. Сонымен қатар, «Сақшы», «Агрокешен», «Мәдениет», «Спорт» және басқа да арнаулы беттерді газеттен көруге болады. Басылым бетінен тарих төріндегі тұлғалар мен заманымыздың заңғар батырлары туралы мақалалар орын алса, аудандағы жылт еткен жаңалықтар мен оң өзгерістер де басты назарда. Ғаламторға телміріп, әлеуметтік желі белең алған заманда газеттің болашағы жоқ дегенді де естиміз. Біле білсек, газет арқылы өзекті мәселелер көтеріліп, ауданның күнделікті тыныс-тіршілігі оқырманға жеткізіледі.

Сондай-ақ, газетке әлеуметтік желілердегідей ақпараттар түрлендіріліп емес, нақты, тексерілген ақпараттар ғана жарияланатындығын түсінген жөн. Қазіргі таңда көкейдегі меселелер мен аудан тұрғындарының тыныс-тіршілігінен үнемі хабардар етіп отыратын аудандық «Қызылқоға» газетінің 2021 жылдың І жарты жылдығына жазылу жүргізілуде. Жалпы, «Газет халықтың көзі, құлағы һәм тілі» десек те науқанның басталғанына айдан астам уақыт өткенімен баспасөзге жазылу өте баяу жүруде. Бұл ретте, «Қазпошта» АҚ-ның аудандық бөлімшесінің мәліметіне сүйенсек, аудандық басылымға жаздыруда Жамбыл (114 дана) ауылдық округі ғана белсенділік танытып отыр. Ал, Миялы (70 дана), Сағыз (63 дана), Мұқыр (40 дана) ауылдық округтерінде белсенділік шамалы болса, қалған (Жангелдин – 22, Ойыл – 22, Тасшағыл – 4, Тайсойған – 3, Көздіғара – 2, Қызылқоға – 0) округтер баспасөзге жазылуды ұмытып кеткен сыңайлы. Сондықтан, аудан басшылығы қолдау білдіріп, қоғамдық-саяси өмірдің жаршысы болып келе жатқан басылымға ай жарымдай ғана уақыттың қалғанын ескеріп, аудан тұрғындары белсенділікті арттыра түссе нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Сонымен бірге, атымтай жомарт азаматтар да жазылудан қалыс қалмай, белсенділік танытып, жағдайы төмен отбасылардың рухани азық алуына өз үлестерін қосса керемет емес пе?!

Әрине, баспасөзге жазылу – ерікті. Дегенмен де сенімді әрі шынайы ақпарат алғысы келген, елінің, жерінің тағдырына бей-жай қарай алмайтын кез келген аудан тұрғыны өздерінің төл газетіне жазылудан бас тартпайды деген сенімдеміз.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521