Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Бас мүфти атыраулық журналистермен кездесті

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Атырау облысына жұмыс сапары аясында жергілікті журналистермен кездесті.

Кездесу барысында Бас мүфти вакцина алуға шариғаттың көзқарасы, руханият, діни білім алу сынды бірқатар мәселелер төңірегінде ой бөлісті. Іс-шараға Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова қатысты» ​ деп хабарлайды Атырау облысы өңірлік коммуникациялар қызметі.

«Қасиетті Тәуелсіздігімізбен бірге, халқымыз дінімізбен, тілімізбен, ділімізбен қайта қауышты. Елімізде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты 2700-ден астам мешіттер бар. Нұр-Мүбарак университеті, медресе-колледждер, Құран жаттау орталықтары саланы білікті мамандармен толықтыруға ықпал етуде. Мешіттеріміз руханияттың, қайырымдылықтың ордасына айналды» деген Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан бекітілген 7 негізгі жұмыс бағыты туралы айтып өтті.

Қазіргі таңда мүфтият халықты біріктіретін ізгі істердің ордасына айналып отыр. Қуаңшылықтан зардап шегіп жатқан аймақтарға көмек қолын созуға үндейтін «Қиындықта ел бірге» жобасы бір ғана мысал бола алады.

«Аталмыш жоба аясында 7500 түп шөп жиналды. 5000 түп шөп Маңғыстау облысына, 2500 түп шөп Арал ауданына жеткізілді. Бұл істің басы-қасында жергілікті имамдар бен кәсіпкерлер жүрді. Шөпті тасымалдау мәселесіне Қазақстан теміржолы компаниясы тарапынан үлкен көмек берілді. Мұндай істер сынақ келген уақытта мүфтияттың әркез қарапайым халықтың жанынан табылатындығын көрсетеді» деп атап өтті Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы. Кездесу барысында Бас мүфти коронавирусқа қарсы екпе алу мәселесіне пікір білдірді.

«Өз басым екпе салдырып, екі компонентін де алдым. ​ Қауіпсіздік мақсатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ​ қызметкерлері түгелге жуық вакцина алды. Екпе алу имамдарымыз, мешіт қызметкерлері арасында да жалғасуда. Медицина мәселесінде мамандардың пікіріне сүйенген жөн. Дәрігерлер екпе - денсаулық үшін керек екендігін айтуда. Қасиетті Құранда «Өз қолдарыңмен өз денсаулықтарыңа қиянат жасамаңдар» деген. Біз осы аятқа сүйенеміз. Елдің амандығы біз үшін өте маңызды. Демек, екпені сақтық мақсатында алуымыз қажет» деп нақтылады Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Кездесу барысында Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова жұртшылықты ұлт амандығын екпе алу арқылы сақтауға шақырды.

«Елімізде екпе мәселесі өткір тұр. Тарихтан белгілі, індет жайлаған кезеңдерде қауіпті вирустар екпе арқылы ауыздықталған. Біздің қолымыздан келетіні әлсіздерді қорғау. Екпе салу арқылы, балаларды, жүкті аналарымызды вирустан қорғай аламыз. Елдің амандығы үшін екпе алуымыз қажет» деді Бақытгүл Хаменова.

Кездесу соңында Бас мүфти журналистерге «Ихсан рухани тәрбие негізі» кітабын сыйға тартты.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521