Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған қолма-қол ақшасыз төлемдерді дамыту және банктердің комиссияларын төмендету шараларын қабылдау туралы тапсырманы орындау шеңберінде Қазақстан Ұлттық Банкі банктер төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді қабылдау үшін алатын комиссияның төмендетілгендігін хабарлайды.
Өзгерістер биылғы жылдың 1 мамырынан бастап күшіне енеді. Және білім беру, медициналық қызмет, дәріханалар, тұрақ орындарына, ақылы жолдарға ақы төлеу, ауыл шаруашылығы сервистері, жылжымайтын мүлікпен жасалатын мәмілелер секілді маңызды әлеуметтік мәні бар экономиканың жекелеген салаларын қозғайды Елде төтенше жағдайдың енгізілу, коронавирус пандемиясының таралу жағдайларында осы салаларға қолдау көрсету уақтылы және маңызды болып табылады. Қазақстан Ұлттық Банкі осы өзгерістерді қабылдау үшін халықаралық төлем жүйелерімен және екінші деңгейдегі банктермен қажетті жұмыс жүргізді. Бірлескен жұмыстың, талдау мен талқылаулардың нәтижесі бойынша жаңа сегменттер айқындалды.
1 мамырдан бастап Visa және Mastercard халықаралық төлем жүйелері банкаралық комиссияның мөлшерлемесін қазақстандық банктер үшін 2 есе – 1 пайызға дейін, фармацевтика сегментінде – 1,3 пайызға дейін төмендетеді. Сауда комиссиясын төмендету бастамасын төлем карточкалары нарығының негізгі қатысушылары қолдады. Олардың қатарына «Қазақстан Халық Банкі» АҚ, «Kaspi Bank» АҚ, «Forte Bank» АҚ, «Сбербанк» АҚ ЕБ, «АТФБанк» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ, «Jysan Bank» АҚ, «Еуразиялық банк» АҚ кірді. Аталған екінші деңгейдегі банктерге эквайрингтік қызмет нарығында (төлем карточкасын пайдалана отырып қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдауды ұйымдастыру бойынша қызмет көрсету) жиынтығында 96 пайыз тиесілі. Жоғарыда аталған қаржы институттары сауда (эквайрингтік) комиссиясын орташа алғанда 35 пайызға (2,3 пайыз ағымдағы орташа мәннен транзакция сомасының 1,5 пайызы орташа мәніне дейін) төмендетеді. Сауда комиссиясын төмендету кәсіпкерлер мен азаматтарға банктік комиссия бойынша өз шығыстарын төмендетуге мүмкіндік береді.
Банкаралық және сауда комиссиясын төмендету жөніндегі бірлескен шаралардың нәтижесі бизнес субъектілері шығыстарының нақты үнемделуі ретінде жылына 2 миллиард теңге деңгейінде болжанады. Жалпы алғанда, қабылданған шаралар жеке қолма-қол ақшасыз есеп айрысуды одан әрі дамыту үшін жағдайларды елеулі түрде жақсартады және «көлеңкелі экономиканың» көлемі қысқаруына оң әсер етеді. Осы орайда, Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Е. Біртанов былайша түсіндірме береді:
«2019 жылғы қарашадан бастап төлем карточкалары нарығында банкаралық комиссияны оңтайландыру және төмендету үшін Visa және Mastercard халықаралық төлем жүйелерімен келіссөздер жүргіздік. Бұл қолма-қол ақшасыз төлемдерді одан әрі ілгерілету үшін қажет. Нарық бойынша банкаралық комиссияның орташа мөлшері транзакция сомасының 1,7 пайызы болады. Сонымен қатар біз отандық екінші деңгейдегі банктермен жұмыс жүргіздік, өйткені банкаралық комиссияны оңтайландырудан бизнес үшін айтарлықтай нәтижені банктердің тарапынан сауда комиссиясы (эквайрингтік комиссия) төмендетілген жағдайда алуға болады. Бірлескен үлкен жұмыс нәтижесінде біз жекелеген әлеуметтік маңызы бар сегменттерде кәсіпкерлер карточкалық төлемдерге қызмет көрсеткені үшін банктерге төлеген комиссияны төмендетуге қол жеткіздік. Эквайер банктің сауда комиссиясы карточка ұстаушысының банкіне (эмитент) төленетін банкаралық комиссияны (егер операция әртүрлі банктер арасында жүргізілсе) қамтитынын түсіндіріп өтейін.
Бұл төлемдер кейіннен бонус немесе кэшбек түрінде карточка иелерін көтермелеуге берілуі мүмкін. Осылайша, барлық қатысушылардың мүдделерін сақтау үшін оңтайлы нұсқаны табу қажет болды. 1 мамырдан бастап, мысалы, медициналық қызметтерге немесе оқуға ақы төлеу кезінде медициналық мекеме немесе білім беру ұйымы банкке бір карточкалық операциядан транзакция сомасының 2,3-3 пайызын емес, орта есеппен 1,5 пайызын төлейді, бұл 35-50 пайызға аз. Жеке тұлғалардан, бұрынғысынша, қолма-қол ақшасыз төлемдер үшін ешқандай комиссия алынбайды. Кейбір сегменттерде (супермаркеттер, жанармай құю орталықтары, авиатасымалдар, т/ж көлігі қызметтері, тез тамақтану мейрамханалары, автомобильдерді сату, почта және телекоммуникациялық қызметтер, коммуналдық төлемдер, бюджетке төленетін төлемдер) халықаралық төлем жүйелері банкаралық комиссияның 1 пайызын немесе одан төмен деңгейде белгіленген мөлшерлемесін қолдануда.
Жаңа шаралар топтамасын енгізудің нәтижесінде банкаралық комиссияның дифференциалды мөлшерлемелері қолданылатын сауда мен қызмет көрсетудің (әлеуметтік, жаппай пайдаланудағы) жеңілдік берілген сегменттерінің жалпы үлесі төлем карточкалары пайдаланыла отырып, қолма-қол ақшасыз операциялардың жалпы айналымының 40 пайыздан астамын құрайтын болады.
Махамбет МАДЕНОВ,
Ұлттық Банкі Атырау филиалы экономикалық талдау және
статистика бөлімінің жетекші маман-экономисі
Сурет: ашық дереккөзден