ҚР Президенті сайлауына үміткерлерді ұсыну ертең басталады.
«Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына кандидаттарды ұсыну сайлау тағайындалған күннің келесі күнінде басталады. Яғни 2022 жылғы 23 қыркүйекте басталып, 11 қазан күні сағат 18:00-де аяқталады», - деді Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров.
Кандидаттарға қойылатын талаптар:
ҚР азаматы болуы;
ҚР аумағында соңғы 15 жыл бойы тұруы;
Жоғары білімінің болуы;
Жасы 40-қа толған болуы;
Белсенді сайлау құқығының болуы;
Мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы лауазымда кемінде 5 жыл жұмыс тәжірибесінің болуы;
Мемлекеттік тілді еркін меңгеруі.
«Президенттікке кандидаттарды қолдау үшін облыстар, республикалық маңызы бар қалалардың және Астананың кем дегенде 2/3 атынан теңдей өкілдік ететін сайлаушылар санының кем дегенде 1 пайызының қолын жинау қажет. Қол қою парақтарын беру кандидаттың Конституция мен Конституциялық заңның талаптарына сәйкестігін анықтағаннан кейін 5 күннің ішінде жүргізіледі», - дейді К. Петров.
Оның айтуынша, әр кандидатты қолдау үшін 118 273 сайлаушының қолы жиналуы тиіс.