Бүгінде елімізде табиғатты қорғау, экологиялық ахуалды жақсарту – күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бұл бағытта кешенді шаралар қолға алынып, түрлі деңгейдегі бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Соның бірі – еліміз бойынша бастау алған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық жобасы. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында тұрақты түрде нақты жұмыстар қолға алынды. Міне, өткен аптада Томан елді мекенінің тыныс-тіршілігімен танысып, атқарылып жатқан құрылыс жұмыстарының барысын көзбен көру мақсатында елді мекенге арнайы іссапармен аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Утегенов, аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Алтынбек Қуанғали, Аққыстау ауылдық округі әкімі Ерболат Махашов және де БАҚ өкілдері бірге барып қайтты. Іссапар барысында делегация мүшелері алдымен елді мекендегі 80 орындық жаңа балабақшаның құрылысымен және су тазарту құрылғысының жұмысымен, жоғарыда аталған жоба аясында жасалатын бастама барысымен танысты.
ЖАҢА БАЛАБАҚША ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛМЕК
Арнайы топ өкілдері алдымен жаңадан бой көтерген 80 орындық балабақша ғимаратына аялдады.Құрылыс жұмыстары бүгінде аяқталған. Ішкі-сыртқы әрлеу, абаттандыру, инженерлік желілерді тарту секілді жүйелі жұмыстар жүргізілген. Аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Утегеновтің айтуынша, аталған нысан іске қосылғанда, ауылда жаңа жұмыс орындары ашылып, балғындар үшін қауіпсіз әрі заманауи білім ошағы болмағын атап өтті.
ТАЗА СУ – ТҰРҒЫНДАР ДЕНСАУЛЫҒЫНЫҢ КЕПІЛІ
Елді мекен тұрғындарын таза ауыз сумен қамту – басты басымдықтардың бірі. Бұл мақсатта орнатылған құрылғы бүгінде толық қуатында жұмыс істеп тұр. Құрылғы арқылы ауыл тұрғындарына санитарлық талапқа сай, сүзгіден өткен, ішуге жарамды таза су жеткізілуде. Мамандардың айтуынша, аталған нысан техникалық тұрғыдан талапқа сай жабдықталған. Тексеру барысында құрал-жабдықтардың жұмыс істеу тәртібі, су сапасы мен тазарту кезеңдері егжей-тегжейлі қаралды.
ИЕСІЗ ГАРАЖДАР – ӨТКЕННІҢ ЕНШІСІНДЕ
Аталған бастама ауданның әр ауылында күннен күнге қолдау тауып, игі іске айналуда. Аққыстау ауылдық округ әкімі Ерболат Махашовтың айтуынша, экологиялық жағдайды жақсарту, ауыл келбетін абаттандыру бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынған.
Томан елді мекенінің ішінде ұзақ жылдар бойы қараусыз қалған, иесіз, ешбір құжаты жоқ, эстетикалық және экологиялық тұрғыдан келеңсіз көрініс тудырған гараждарды бұзу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы шеңберінде ұйымдастырылып отыр.
– Ауылымыздың келбетін бұзып тұрған иесіз гараждар көптен бері тұрғындар тарапынан сынға ұшырап келген болатын. Енді міне, арнайы комиссия шешімімен олар бұзылып, аумақтар тазартылуда. Бұл бір жағынан ауылдың санитарлық жағдайын жақсартса, екіншіден, тұрғындар үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға септігін тигізеді, – дейді ауыл әкімі.
ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРГЕ ЖАҢАША ДЕМ
Тек тазалықпен шектелмей, округтегі әлеуметтік инфрақұрылым мәселесі де назардан тыс қалмаған. Ауыл орталығында орналасқан 4 көп пәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, тиісті сараптамадан сәтті өткен. Қазіргі уақытта мердігер мекемені анықтау жұмыстары жүріп жатыр.
– Бұл тұрғын үйлер осыдан бірнеше жыл бұрын салынған. Көптен бері жөндеу көрмегендіктен, тұрғындардың сұранысына орай жобалық жұмыстарын бастадық. Биылғы жылы жөндеу жұмыстары бас-талып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалатын болады, – дейді Ерболат Махашов.
ӘРБІР ІС – АУЫЛ ИГІЛІГІ ҮШІН
Аққыстау ауылдық округіне қарасты Томан елді мекенінде атқарылып жатқан әрбір іс – ауыл тұрғындары-ның әл-ауқатын арттыруға, өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Ауыл тазалығы, көшелердің көркейтілуі, ескі нысандардан арылу, тұрғын үйлердің жаңғыруы – мұның бәрі елді мекеннің келешекке сенімді қадам басуына негіз болмақ.
– Біз ауылымызды таза, қауіпсіз, жайлы етуге күш салып отырмыз. Бұған тек әкімдік емес, тұрғындардың да белсенділігі қажет. Әрбір азамат өз ауласынан, көшесінен тазалықты бастаса, «Таза Қазақстан» тек бағдарлама емес, өмір салтына айналады, – дейді округ басшысы.
Жалпы, аудан бойынша 7 ауылдық округтерінде қолға алынған жұмыстар болашақта ауылдың әлеуетін арттырып, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға үлкен сеп болары анық. Мұндай жүйелі жұмыстар жалғасын табары сөзсіз.
Сағыныш ҚАЙЫР