Аудан әкімінің орынбасары Марат Әбуовтің төрағалығымен аудан әкімі жанындағы Халық денсаулығын қорғау жөніндегі аудандық ведомствоаралық үйлестіру Кеңесінің жоспардан тыс отырысы болып өтті.
Оған кеңес мүшелері, мекеме-бөлім басшылары, округ әкімдері қатысты. Онда алдымен сөз алған аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Алтынгүл Аймұратова «Коронавирус» ауруының зияндылығы мен оның алдын алу бағытында жасалып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Баяндамада мәлім болғандай, коронавирус адамнан адамға ауа (жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлегенде) және науқас пайдаланған тұрмыстық заттар мен тамақ, су арқылы жұғады. Инфекция көзі ауруға шалдыққан адам немесе жануардыңт қызба, жөтел, ентігу белгілері пайда болады. Вирус сыртқы ортада тұрақсыз, дезинфекциялық, құрамында спирті бар заттарға шыдамайды, 57 градус және одан да жоғары температурада өледі. Инкубациялық кезеңі жұқтырған сәттен бастап ауру белгі пайда болғанға дейін 2-14 күнге дейін, көбіне 2-7 күн. Бұл аурудың әзірге арнайы емі жоқ. Науқастар патогеникалық және симптоматикалық ем алуда. Қазіргі уақытта бұл инфекцияға қарсы вакцина жоқ. Елімізде коронавирусты жұқтырған адам тіркелмеген. Алайда таралуы әбден мүмкін. Зерттеулер бойынша жұқтырған науқастардың үш пайызы қайтыс болады. Нақты мәліметті t.me/kkkbtu телергам чатынан алуға болады.
Себебі қазіргі таңда өте көп фейк материалдар ватсап желісінде жүр. Егер коронавирус инфекциясы анықталған жағдайда жеңі ұзын су өткізбейтін костюм немесе су өткізбейтін комбинизон, бетті қорғайтын көзілдірік, жоғары дәрежеде қорғайтын респиратор немесе FPP2 маска, ұзын резина етік немесе резина материалы төзімді бахила кию керек. Жалпы күдікті жағдай тіркелген кезде науқаспен қалай жұмыс жасау керек жөнінде емдеу мекемелеріне, жедел жәрдем стансасының бөлімше қызметкерлеріне ақпан айында екі рет оқу жаттығу семинары өткізілді. Аудан бойынша барлық білім беру, мектепке дейінге мекемелерге оқушы, тәрбиеленушілерді, қызметкерлерді күнделікті медициналық сүзгіден өткізуді, егер қандайда бір қызулаған, жөтелген, ЖРВИ күдікті болған жағдайда сол мекемедегі медицина қызметкері шұғыл түрде сұрау жүргізу, яғни жақын арада шетелдерге ата-анасы, жақын туыстарының барғандығын анықтау, күдік болған жағдайда шұғыл түрде басқармаға, жергілікті емдеу мекемесінің дәрігеріне хабарлау керектігі жөнінде хат жолданды. Сонымен қатар аудан көлемінде жұмыс жасайтын шетел компанияларына хат жолданып, «МатенПетролеум» ЖШС, «СагизПетролеумКомпани» ЖШС аудан территориясында жұмыс жасайтын кен орындарында шетелдік азаматтар жоқтығы туралы мәлімет алынды. «ҚазАвтоЖол» Атырау облысы бойынша филиалының тапсырысы бойынша «Атырау-Ақтөбе» республикалық маңызы бар жолдарды салып жатқан компаниялардың аты, неше шетелдік қызметкерлер жұмыс жасайтындығы жөнінде мәлімет беру жөнінде хат жолданып, шетелдік компаниялар бақылауға алынды. Қазігі таңда Атырау облысы Полиция департаменті көші-қон қызметінің департаментке жолдаған хаты бойынша Нұр-Сұлтан қаласында Абу-даби арқылы келген осы мекемеде жасайтын 7 Қытай азаматы 14 күн карантинде жатыр. Кеңес барысында, баяндамашы:
- Аурудың алдын алып, оны таратпау үшін жергілікті учаскелік полиция қызметкерлері жоғарыда айтқан вахталық қалашықтардағы қызметкерлерді күнделікті бақылауға алғаны және басқармаға дер кезінде хабарлап отырғаны дұрыс. Аудандық көші-қон қызметі мамандары аудан территориясына келген шетел азаматтары туралы мәліметтерін шұғыл түрде басқармаға мәлімдеп отырғаны абзал,- деген ұсыныс білдірді.
Аудан әкімінің орынбасары Марат Әбуов барлық округ әкімдері мен мекеме-бөлім басшыларына аурудың алдын алу бағытында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, нақты шараларды қолға алу керектігін тапсырды.
Бауыржан АМАНҰЛЫ
Сурет: ашық дереккөзден