Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Қауіпті екенін біле тұра той жасау тыйылар емес

Жыл басынан бері әлемді дүрліктірген коронавирус дерті жаз мезгілінде аз да болса саябырсыған еді. Бірақ та, COVID-19 пандемиясының азаюы уақытша екені, салқын түсе екінші толқыны басталатыны туралы алдын ала ескертіліп, сақтық шараларын қолға алу бағытында бұқаралық ақпарат құралдары арқылы айтылып та, жазылып та жүрді. Коронавирус дертін жұқтырғандар анықтала бастағанда Атырау облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің «Атырау облысы тұрғындары арасында коронавирустық инфекциясы індетінің алдын алуға қатысты шаралар туралы» №68 Қаулысы жарияланып, шектеу шаралары күшейтіле бастады. Нақтырақ айтқанда, адам көп жиналатын шаралардың өтуіне тыйым салынса, сауда-саттық, қоғамдық тамақтандыру және басқа да халыққа қызмет көрсету орындарының жұмысына шектеу қойылды.

Наурыз айында аталмыш ауруға байланысты елімізде төтенше жағдай жарияланғаннан кейін аудан әкімінің өкімімен 12 мобильді топ (Миялы мен Сағызда 2 топтан болса, қалған округтерде бір-бірден) құрылған болатын. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Азамат Жақсиев жетекшілік ететін мобильді топ өткен аптаның жұма, сенбі күндері Миялы ауылында рейдтік жұмыстар жүргізді. Құрамында Миялы ауылдық округ әкімінің орынбасары Мақсат Төкенов, аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысының міндетін атқарушы Шолпан Асауова, учаскелік полиция инспекторлары мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері бар топ рейд барысында үйлену тойын өткізіп жатқан үйлерге барды. Айта кетсек, төтенше жағдай жарияланған кейін елде той жасауға тыйым салынды. Бірақ соған қарамастан той өткізіп жатқандар да бар. Мәселен, екі күнгі тексеруде бес үйдің келін түсіру, қыз ұзату тойының куәсі болдық.

Ал, білдірмей той өткізіп жатқандары қаншама?! Қай үйге барғанда да аулаларына киіз үй стиліндегі палатка тіккен той иелері қуаныштарын алаңсыз тойлауда. Көтеріңкі музыка ырғағында би билеп жатқан той қонақтарының жарқын жүздеріне қарағанда елімізде қауіпті індеттің бар екеніне күмән келтіресің. Кенеттен келген мобильді топ мүшелері алдында үй иелері өздерінше ақталып әлек болды. Олар алғашқы қуанышы немесе тұңғыш немересінің тойы болған соң, атап өту мақсатында шағындап қонақ шақырғандықтарын алға тартады. Ал, палаткаға бас сұқсаң кем дегенде 70-80 адамға дастарқан жайылғанын көруге болады. Сол жерде үй иелері мен қонақтарға отбасылық шараларды өткізуге тыйым салынғандығын, сондықтан тойды тездетіп бітіру ескертіліп, үй иелерінен түсініктеме алынды.

Атырау облысы бас мемлекеттік санитариялық дәрігері А.Шаровтың 15 қазандағы №68 Қаулысында «Атырау облысы аумағында көрмелер, форум, отбасылық, еске алу (банкет, той, мерейтой, садақа), оның ішінде үйде және адамдар көп жиналатын өзгеде шаралардың өткізілуіне, сондай-ақ думанды, ауқымды спорттық шараларға тыйым салынсын» деп анық көрсетілген. Алайда, қауіпті дерттің алдын алуға бағытталған шектеу шараларына мойынсұнбай, адамдарды көптеп жинау арқылы аурудың таралуына мүмкіндік тудырып отырғандарған жандарға не деуге болады? Сондай-ақ, Миялы ауылындағы бірқатар сауда орындарын аралаған мобильді топ сатушылардың медициналық бетперде мен қолғап киюін, тұтынушыларға арналған антисептикті қоюын тексерді. Кейбір бетпердесіз жұмыс жасап тұрған сатушылар мен тұтынушыларға ескерту берілді.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521