Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Атыраулық археологтар көне керуен сарайының қалдықтарын тапты

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, Алтын Ордаға арналған ғылыми-тәжірибелік конференция аясында экспедиция өтіп, оған  ғалымдар мен археологтар қатысты, деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.

Зерттеушілер тобы Сарайшық ауылынан 15 шақырым жерде болды.

Дәл осы жерден «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қызметкерлері биылғы жылы жүргізген қазба жұмыстары кезінде жебе ұштары, айна, керамика сынықтары, тиын сақтайтын шағын құмыраны, Өзбек хан тұсындағы теңгелер мен монеталарды тапқан.

Ғалымдар бұл жерде XIV ғасырда сауда керуендері тоқтайтын керуен сарайы болған деп болжайды.

– Осы жылдың маусым айында археологиялық қазба жұмыстарын бастадық. Ащысай өзенінің жағасында керуен сарайы, халық тұратын тұтас бір елді мекен болғанын дәлелдейтін жәдігерлерді таптық.

Көріп отырғанымыздай, көне құмыраның сынықтары мен қыш ыдыстар барлық аумақта кездеседі. Археологиялық жұмыстар енді ғана басталды, біз бұл аумақты зерттеп, қазба жұмыстарын жүргіземіз, – деді Атырау облыстық тарихи-мәдени қорық-мұражайының бас инспекторы Айбек Тұрарұлы.

Ғалымдар көне керуен сарайы орнын Қазақстанның тарихи-мәдени құндылықтары тізіміне енгізуді ұсынды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT