Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Атыраудан Қостанайға гуманитарлық көмектің екінші легі жөнелтілді

Атыраулықтар дала өртінен зардап шеккен Қостанай облысына тағы да 50 тоннаға жуық гуманитарлық көмекті жөнелтті. Қажетті азық-түлік, киім-кешек пен үй жиһаздары тиелген жүк көліктері бүгін таңда Қостанай облысына бет алды, деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.
⁃ Қостанай облысындағы қайғылы жағдайға Атырау жұрты бей-жай қарамай, жанашырлығын танытып, қол ұшын созуда. Бұл бірлігімізді білдірткен үлкен іс болды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) «Бір мұсылман баласы көмекке мұқтаж болған сәтте оның қажетін өтесе, Алла сенің екі өмірдегі қажетіңді өтейді» деген хадис бар. Атыраулықтар осы хадиске амал етіп, сындарлы сәтте қостанайлықтарға үлкен көмек көрсетуде. Мұндай кезеңде бәріміз бір жұмылсақ, сынақты бірге еңсеретініміз сөзсіз, - деді «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.
Жексенбі күні басталған қайырылымдылық шараға еріктілер тобы, студенттер, қоғам белсенділері, қала, аудан тұрғындары мен меценаттар, кәсіпкерлер қатысып жылу жинауда белсенділік танытты.
 
⁃ Табиғи апаттың орын алғаны туралы хабар жеткенде бір орында отыра алмадық. Біз де сауапты істен құр қалмас үшін белсенділерді жинап, бірлесіп, көмек ұйымдастырдық. Үш күннен бері тұрғындар белгіленген жерлерге заттай не ақшалай көмегін әкелуде. Еріктілер уақытпен санаспай, соның бәрін қабылдап, іріктеп, көлікке тиеп жөнелттік. Бір жағадан бас шығарған облыс тұрғындарына алғысым шексіз, - деді ерікті Мира Есниязова.
Бұған дейін жексенбі күні Атырау облысынан Қостанай облысына 30 тонна гуманитарлық көмек жіберілді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT