Атырауда жүргізуші әйел екі жаяу жүргіншіні қағып кетті. Оның бірі – 1 жастағы бала.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы кеше, 28 наурызда сағат 14:00 шамасында болған.
«Атырау қаласындағы Берғалиев көшесінде орналасқан үйлердің бірінің тұсында 43 жастағы әйел «Lexus RX 300» автокөлігімен жолдан өтіп бара жатқан екі жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Көлік қаққан жүргіншінің бірі – 40 жастағы әйел, ал екіншісі –2021жылы туған бала. Жол-көлік оқиғасының салдарынан әртүрлі дене жарақатын алған бір жастағы балақай облыстық балалар ауруханасына жеткізілді», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.
Қазір жүргізуші әйелдің автокөлігі арнайы тұраққа қойылып, тиісті іс-құжаттар жинақталып жатыр.