Атырау облысы Ішкі саясат басқармасы, «Атырау қаласының Жастар ресурстық орталығы» және Атырау қаласының Полиция басқармасының бірігіп ұйымдастыруымен «Заң және тәртіп» тақырыбында жоғарғы сынып оқушылары арсында Quiz сайысы ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты – құқықбұзушылықтың алдын алу, оқушылардың заң тұрғысынан сауттылығын арттыру, тәртіпке баулу, білімдерін шыңдау. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
Викториналық сайысқа қаладағы 20 орта мектептің үздік деген 120 оқушысы қамтылды. Жарыс барысында қатысушылар құқық тақырыбындағы сан түрлі сұраққа жауап беріп, өз білімдерін сынға салды. Зияткерлік дода ерекше белсенділікпен өтіп, оқушылар өздерінің заңнамалық білімдері мен логикалық ойлау қабілеттерін жоғары деңгейде көрсетті.
- «Заң және тәртіп» тақырыбында заңнамалық мәселелер мен нашақорлықтың алдын алуға бағытталған іс-шара алғаш рет өткізілді. Жалпы, мектеп оқушылары арасында мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. 2025 жылдан бастап оқушылармен арнайы кездесулер өткізіліп, құқықтық тақырыптар бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл кездесулерге тәртіп сақшылары мен кинологтар да қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісуде. Сондай-ақ заңнамалық сауаттылықты арттыру мақсатында кешенді ақпараттық шаралар қолға алынуда. Алдағы уақытта Quiz форматындағы сайыстардан бөлек. түнгі уақытта мектеп оқушыларын бақылау мақсатында рейдтік тексерулер жүргізілмек. Бұл жұмыстарға еріктілер мен Жастар ресурстық орталығының мамандары полиция басқармасымен бірлесіп қатысады, — дейді Жастар ресурстық орталығының басшысы Мәнсия Сағидоллақызы.
Сайыс қорытындысында үздік ондық іріктеліп, жеңімпаздар әділқазылар алқасының бағалау нәтижесімен анықталды. Оларға арнайы марапаттар мен ынталандыру сыйлықтары ұсынылды. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар қаладағы өзге мектеп оқушылары арасында да жалғасын таппақ.