ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментімен жыл басынан бері мемлекеттік сектордағы 100 кәсіпорын мен заңды тұлғалардың қызметіне мониторинг жүргізілді.
Нәтижесінде мәдениет және білім саласындағы 31 кәсіпорынның монополияға қарсы органның келісімінсіз қосымша қызмет көрсеткені анықталып, заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Бұл туралы департамент басшысы Набиева Айгүл баспасөз брифингінде айтты, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі. ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменттінің негізгі міндеті – нарықта адал әрі тең бәсекелестік ортасын қалыптастыру, жосықсыз бәсекелестік пен монополиялық әрекеттердің алдын алу. Жыл басынан бері 10 тауар нарығында бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жүргізіліп, оның 5-еуі жоспар бойынша, ал қалған жартысы жоспардан тыс орындалды. Талдаулар мектепке дейінгі және орта білім, азық-түлік өнімдерінің көтерме және бөлшек саудасы, авиаотын нарығы, күнбағыс майы, ұн және құс еті нарықтарын қамтыды.
- Бір субъектінің әрекеттерінен заңнаманы бұзу белгілері анықталып, оған ресми хабарлама жіберілді. Жеті тергеп-тексеру тағайындалып, оның алтауы аяқталып, біреуі уақытша тоқтатылды. 2025 жылдың басынан бері департаментке «Е-Өтініш» жүйесі арқылы 104 өтініш түсті. Олардың 65-і белгіленген мерзімде қаралып, өтініш иелеріне жауаптары беріліп, қалған 35 өтініш бағыты бойынша өзге мемлекеттік органдарға жолдадық, - деді А.Набиева Брифинг барысында департамент басшысы мұндай фактілер мемлекеттік ресурстардың тиімсіз пайдаланылуына және жекеменшік сектордың дамуына кедергі келтіретінін атап өтті.
Айта кетейік, мониторинг жұмыстары алдағы жылы да жалғасады.



