“Қауіпті дертті жұқтырған жиырмасыншы науқас Атырау қаласының 37 жастағы тұрғыны” деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасы жолдаған ақпаратқа сәйкес, 1983 жылы туған науқас бұған дейін бірнеше адамға вирус таратқан әйел адаммен қарым-қатынас жасағандардың тізімінде болған. Бұған дейін қауіпті дертке шалдыққан Орал қаласы тұрғынының 37 адаммен жақын байланыста болғаны анықталған еді.
Қазіргі таңда 37 жастағы атыраулық науқас толықтай оқшауланып, инфекциялық карантинге жатқызылды. 3 сәуір күнгі елорда уақытымен 9.40 сағаттағы мәлімет бойынша, Қазақстан бойынша қауіпті дертке шалдыққандар саны 444 адамға жетті.
Тек қана соңғы тәулікте 9 адамнан вирус анықталғаны расталып отыр. Әлем бойынша, вирус 1 миллион 16 мың 910 адамға жетті. Қытайдан шыққан вирус осылайша 53 211 адамның өмірін жалмап кетті.
{jcomments on} Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен елімізде 16 наурыздан бастап төтенше жағдай жарияланды. Бұған дейін карантин жарияланған Атырау қаласы 2 сәуір күнгі түнгі сағат 00.00-ден бастап, толықтай оқшауланды.
Үйде бол! Өзіңді сақта!
Баян ЖАНҰЗАҚОВА
atr.kz