Атырауда Кеңес әскерлерінің ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай «Ауған асуында от кешкендер» атты ардагерлермен кездесу кеші өтті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
Іс-шараға ардагерлер Көпболды Жалғаспаев, Рамазан Молдағалиев, Нұрлыбек Қайрекешов, Әсет Балқасымов, сондай-ақ облыстық Полиция департаментінің, Қылмыстық атқару жүйесі мекемесінің, Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен №5546 әскери бөлімінің сарбаздары қатысты. Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының басшысы Сара Ізмұханбетова атаулы күнмен құттықтаса, соғыс ардагері Әсет Балқасымов кездесудің маңызына тоқталды.
- Бұл кездесудің басты мақсаты – патриоттық тәрбие. Жастарға тәрбие мен тәртіп аса қажет. Бауыржан Момышұлы «Тәртіпке бағынған құл болмайды» дегендей, біздің де ұстанатынымыз осы қанатты сөз. Ал негізінен біз үшін бұл күн, яғни Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылған уақыт - бір жағынан мейрам болса, бір жағынан қаруластарымызды еске алу күні болып есептеледі. Бұл кездесудің маңызы да осында деп ойлаймын. Осы іс-шараны ұйымдастырушыларға алғыс білдіреміз. Бастысы – еліміз тыныш болсын! - деді Ә.Балқасымов.
Кездесу қатысушылар мен ардагерлер арасындағы сұрақ-жауап түрінде өтті. Кеш соңында батылдық пен ерліктің үлгісін көрсеткен қаһарман жерлестерімізге алғыс хат пен естелік сыйлықтар тарту етілді. Айта кетейік, Ауған соғысы кезінде атыраулық 782 жауынгер интернационалдық міндетін атқарған.