«Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің қатысуымен облыстық ардагерлер кеңесінің атқарылған жұмыстарының есебі тыңдалып, ұйымның 35 жылдығына орай конференция өтті»,-деп хабарлайды Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жиында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов соңғы бес жылда атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
«Алғашқыда 80 бастауыш ұйымда 35 мыңға жуық мүше болса, бүгінде 264 ұйымда 61 мыңнан астам мүше бар. Олар жыл сайын орта есеппен 2600 зейнеткерге өсіп келеді.
Соңғы 6 жылда 17 рет төралқа отырыстары өткізіліп, онда 85 мәселе қаралды. 5 Пленум мәжілістерінде негізгі бағдарламалық мәселелер тиісті шешімдерін тапты. Облыста ауыл шаруашылығы, білім, денсаулық, теміржол, мәдениет, ішкі істер т.б. барлығы 12 салалық ардагерлер ұйымдары құрылып, жұмыс істеуде, олардың кейбір буындары аудандарда да құрылған»,-деген Қ.Ризуанов, ардагерлер кеңестері зейнеткерлердің әлеуметтік жағдайын жіті назарда ұстап келе жатқанын да атап өтті. Оның айтуынша, облыстық ардагерлер кеңесінің тікелей ұйытқы болуымен ондаған соғыс ардагері соңғы жылдары жаңа қонысқа ие болған.
Сондай-ақ, соңғы кезде облыстық сотпен арада пилоттық жобаны жүзеге асыру жөнінде келісімге қол қойылып, "Дәнекер" жобасы бойынша 92 ардагер кәсіби емес медиатор болып тіркелді, олардың қатысуымен 170 даулы іс қаралып, шешілген.
«2020 жылы Қарттарды қолдау айлығы барысында 325 қоғамдық іс-шаралар өткізілді. 13 мыңға жуық адам қамтылды. 5,5 мың ардагер жеңілдікпен дәрі-дәрмекпен, шипажайларға жолдамалармен, азық-түлік себеттерімен қамтылды. Облыс бойынша 10 мыңға жуық адамға 32 млн теңгенің материалдық, қаржылық көмегі көрсетілді»,-деді ол.
Сонымен қатар, селекторлық режимде қатысқан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалары да өз пікірлерін білдірді.
Конференция барысында Қ.Ризуанов бірқатар ардагерге марапаттар табыс етті.
Олардың ішінде: Өтеп Нұриев Хиуаз медалімен, Өтеген Нұрғалиев облыстық Ардагерлер кеңесінің Алғыс хатымен, Махмұт Көргенов облыстық Ардагерлер кеңесінің Құрмет грамотасымен, Есен Тасқынбаев «Құрметті төралқа мүшесі» куәлігімен марапатталды.
Сондай-ақ, ардагерлер кеңесінің жаңа құрамы бекітіліп, кеңестің Тексеру комиссиясының есебі тыңдалып «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің VIII съезіне делегаттар сайланды.
Аталған шарада облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы ауысты. «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің төрағасы Б.Ізмұхамбетовтің келісіміне сәйкес, облыстық кеңес төрағалығына Мұрат Өтешовтің кандидатурасы ұсынылып, бекітілді.
Өңір басшысы Махамбет Досмұхамбетов осы уақытқа дейін облыстық ардагерлер кеңесін басқарып келген Қатимолла Ризуановқа алғыс айтып, жылы лебізін білдірді.
«Қарты бардың - қазынасы бар»,-дегендей, алдындағы ағаларын ардақтаған елдің азаматтарымыз. Осы тұрғыда, облысымыздағы қоғамдық ұйымдардың ішінде ардагерлер кеңесінің алатын орны ерекше. "Отан отбасынан басталады" десек, сол отбасындағы тәрбиеден бастап, ауыл-аймақтағы тентегін тезге салып, тектісін төрге оздырып, елдегі тұрақтылық пен тыныштық, бірлік пен берекені қалыптастырып, насихаттауда әрқайсыңыздың атқарып жүрген еңбектеріңіз өлшеусіз.
Ардақты ағалар, баршаңызға, облыстық, аудандық кеңес төрағалары мен мүшелеріне бірлесіп атқарылған жұмыстар үшін өз ризашылығымды білдіремін»,-деген М.Досмұхамбетов, ардагерлер кеңесінің жаңа төрағасы Мұрат Өтешовтің қызметіне сәттілік тіледі.
Айта кетейік, осы жылдың 15 қазан күні «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің VIII съезі өтеді.