Атырау мұнай өңдеу зауытында жабық типтегі ағынды суларды механикалық тазарту қондырғыларын реконструкциялау жобасы мәресіне жетті.
Мамыр айының соңында кешен толық қуатына шықты. Реконструкция нәтижесінде тазарту жүйесінің қуаты екі есе артып, сағатына 1 000 текше метрге жетеді, ал мұнай шламын өңдеу көлемі айына орта есеппен 12 000 текше метрді құрайды деп күтілуде.
Жаңартылған қондырғыларды іске қосу тазарту тиімділігін арттырып, әрі қарай биологиялық тазарту қондырғысына жіберілетін ағынды судың құрамындағы мұнай өнімдері мен қалқымалы заттардың мөлшерін шекті рұқсат етілген төгінділер нормативтеріне (ШРТ) сәйкестендіруге мүмкіндік береді. Жаңа кешенде ағынды суларды сапалы тазартуды қамтамасыз етіп, зиянды заттардың атмосфераға таралуын барынша азайтуға көмектесетін заманауи технологиялық процестер мен жабық типтегі жабдықтар енгізілді. Еске салайық, механикалық тазарту қондырғыларын реконструкциялау жұмыстары Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) қаржыландыратын Tazalyq экологиялық жобасы аясында іске асырылды.