Мен жұмысшы мамандығының қадірін жақсы түсінетін адаммын. Себебі бұл кәсіп иелері – қоғамның негізгі діңгегі. Қанша заман өзгерсе де, өндіріс, құрылыс, ауыл шаруашылығы сияқты салаларға жұмысшы керек.
Қарапайым мысал: электрші болмаса, жарықсыз отырамыз, дәнекерлеуші болмаса, көпір де, ғимарат та салынбайды. Сондықтан бұл мамандықтың маңыздылығы ешқашан төмендемеуі тиіс.
Бірақ, өкінішке қарай, кейбір адамдар жұмысшы мамандығына менсінбей қарайды. Оларды тек қара күшке тәуелді, аз жалақы алатын адамдар деп ойлайды. Бұл – қате пікір. Қазіргі таңда кәсіби жұмысшылардың еңбекақысы кейбір кеңсе қызметкерлерінен әлдеқайда жоғары. Білікті маман әрдайым сұранысқа ие. Дәнекерлеуші, токарь, механик, құрылысшы, жүргізуші, аспаз, наубайшы – бәрі де қоғамға ауадай қажет.
Тағы бір мәселе – жастардың бұл салаға қызығушылығының төмендігі. Олардың көбісі ата-анасының немесе қоғамның ықпалымен “ақ жағалы” мамандықтарды таңдайды. Ал шын мәнінде, жұмысшы болу – абыройлы іс. Жұмысшы – адал еңбегімен нәпақасын табатын, ел экономикасын дамытатын тұлға.
Қазір технология дамыған заманда жұмысшы мамандықтары да өзгеріп, жаңа деңгейге көтерілуде. Өндіріс автоматтандырылып жатыр, құрылысқа жаңа техника енгізілуде. Осы өзгерістерді меңгерген адам ешқашан жұмыссыз қалмайды.
Сондықтан бізге жұмысшы мамандығының беделін көтеру керек. Мектептерде кәсіптік бағыт-бағдар беру жүйесін жетілдіріп, техникалық колледждер мен оқу орындарын жаңа технологиямен жабдықтау қажет. Сонда ғана біз еңбек адамын қадірлейтін, шын мәнінде дамыған қоғам құра аламыз.
Мен үшін жұмысшы болу – мақтаныш. Себебі мен адал еңбектің, маңдай термен тапқан нанның қадірін білемін.
Аманкелді СӘБИЕВ,
дәнекерлеуші