Бұл туралы Қызылқоға ауданының тумасы, өлкетанушы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Назарбек Қосшиев өзінің фейсбук парақшасында төмендегідей пікір қалдырған.
Қарабау, Тайсойған өңірі ежелден жер кіндігі, ынжыдай қалың Кіші жүздегі Байұлы тайпасының топырағы болатын. Бұл жердің қадір-қасиетін аса бір мадақ қылуға әбден болады. Өйткені, осы топырақта небір марғасқалар туған. Шынымен-ақ мақтануға тұрарлық. Айта берсе, таусылмас тарих.
1869 жылы Қарабау мен Кермеқас, 1870 жылы Тайсойған болыстары құрылған. Осы аумақтар қазіргі Қызылқоға ауданы жер аумағының 85-90 пайызын қамтыған. Одан басқа да елден естіген-білгендерім жөнінде ойда жүрген жоспар-толғамдарды қағазға түсірмек боп жүргенмін.
Көптен бергі осы мақсатты жұмысыма биыл наурыз айында қол жеткіздім. "Қарабау мен Тайсойған" энциклопедиялық басылымына қажетті мәлімет-деректерді жинақтауға ауылдас аға-апа, замандастар көп көмектесті. Қарабаулықтар Меңдіғали Алғазы, Шапиғолла Қонысбаев, Мақсот Иманалиев, Дәмелі Шомажанова, Гүлжан Тоқмурзина, Дастан Саркенже, Тайсойған ауылынан Қосымбай Өтебаев, Ғалымжан Ахмедиев, Бақтыжан Берікқали, басқа да ауылдастарымның еңбегі шексіз.
Алыс-жақыннан Парух Марданов, Амангелді Сақтағанов, Бауыржан Омаров, Мақсат Тәж-Мұрат сынды ел мен жердің тарихына жетік ағаларым өз білгендерімен бөлісті. Өз жерінің өткені жөнінде білгендерімен Ерсайын Өміров, Мұқамбетқали Қипиев, Сейілхан Мирашевтай білікті де құймақұлақ жерлестерім де аянған жоқ, мақалалары кітапқа енгізілді. Шындап келгенде біраз тер төгілді.
Бұл тек адамдардың фотосы мен өмірбаянын теріп салған жинақтаушы анықтамалық емес. Тарихты қазбалай жазған дүние. Тың жаңалықтар да бар. Нәтижесінде 470 беттік жинақ жарық көрді. Оның жарық көруіне қаржылай көмек жасап, қолдау білдірген ауылдас ағаларым Сембай Сағынғалиев, Сәлімжан, Болат, Қайрат Аманғалиевтер, Аманқұл Оразғалиев, Мақсот Иманалиев, Бағытжан Қыстаубаев, Талғат Қасенов, Жәнібек Атшыбаев, Жәңгірхан Бақонов, Асқар Көмеков, Берік Әбуғалиев, Жалғасқали Алғазиев, Бақтыжан Берікқали, Абзал Қадіршин, Нұрболат Жүнісовтерге ризашылығым шексіз.
"Сабақты ине сәтімен" деген бар. Төтенше жағдайға байланысты біраз уақытқа созылып кеткен кітаптың тұсаукесерін сенбі, 22 тамыз күні арнайы орындардың рұқсатымен Қарабау ауылында өткіздік. Өзім бітірген мектептің залында өткен шараның ұйымдастырылуына бір кісідей атсалысқан Қызылқоға және Тайсойған ауылдық округтерінің әкімдері Қанат Хайруллин, Әділет Шаймардан, Мәлік Қуанышевтерге, округ аппаратының қызметкерлеріне, Қарабау, Ғ.Сланов атындағы орта мектептерінің директорлары Абзал Шоқан, Сексенбай Өрбісінов, мектептердің ұжымдарына ерекше алғысымды білдіргім келеді.
Әсіресе, игі істің жарық көріп, шараның жоғары дәрежеде ұйымдастырылып өтуіне ұйытқы болған ағайынды Сембай мен Амандық Сағынғалиевтердің жанашырлығына құрметім мен разылығымды айрықша атап өткім келеді. Өте жақсы деңгейде ұйымдастырылып өткен шараның маңызы сол, тарихы мол шежіре Қызылқоға ауданының тарихы тек 1944 жылдан басталмайтынын дәлелдейді, қасиетті өлкенің айтулы перзенттері, кейбір ұмытылған есімдерді қайтадан жарыққа шығарды.
Жасалған жұмыс көп еді. Жинақ жұртшылыққа таралған соң өзге де тың дүниелер табыларына сенім кәміл. Қабыл алыңыз, ауылдастар. Өз тарихыңызды біліп жүрсеңіз, ұрпақ алдында абыройыңыз жоғары болмақ. Кітап Қарабау, Тайсойған ауылдарында және Атырау қаласындағы "ПАЛИТРА" дүкенінде (Амандосов көшесі, 42 ("Алмагүл" мкр-не қарама-қарсы жаңадан салынған панель үйдің астында)) сатылымда.