Астана қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты салтанатты ұлықтау рәсімі өтті. Осылайша Мемлекет басшысы өзінің жеті жылдық қызметіне ресми түрде кірісті.
Бұл еліміздің саяси өміріндегі айтулы оқиға екені сөзсіз. Өткен сайлауда азаматтарымыз Қасым-Жомарт Кемелұлына зор сенім білдіріп, әділеттілікке табан тірейтін мемлекет, экономика және қоғам құру бағдарламасын қызу қолдағаны белгілі. Президентіміз ұлтымыздың осы үмітін ақтау өзінің алдағы басты міндеті болатындығын жариялады. Сонымен қатар, сайлау алдында берілген уәделерді іске асыруға жол ашатын бастапқы әрі нақты жұмыс бағдарларын айқындап көрсетті.
Президентіміз өз сөзінде заң алдында бәрінің тең болуы – мемлекетіміздің ұзақ мерзімді дамуының негізгі шарты екендігін қадап айтты. Осы жолда елден заңсыз шығарылған барлық активті елге қайтару маңызды міндетке айналуда. Бұл үшін заңсыз шетел асқан капиталды қайтаруға қажетті рәсімдерді реттейтін заң жобасы әзірленетінін жеткізді. Сондай-ақ Президентіміз өңірлерді, оның ішінде ауылдарымызды өркендетуге айрықша көңіл бөліп отыр. Осыған орай Қасым-Жомарт Кемелұлының жаңа Президенттік мерзімдегі бірінші Жарлығы ауылды дамыту мәселесін шешуге арналды. Сонымен бірге ауқымды индустрияландыру, инфрақұрылымдарды салу және жаңғырту ісі де тың серпінмен қолға алынады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:
- Ел мүддесіне қиянат жасамауға ант еттім, «Қазақта «Байлық не керек, адалдан жимасаң, билік не керек, әділдік құрмасаң» деген сөз бар. Бұл – бұлжытпай ұстанатын өмірлік қағидатым.
Мен бүгін көк туды сүйіп, дана халқымның алдында бас идім. Азаттық жолында құрбан болған бабалар рухына тағзым еттім. Елімнің арман-мұратына өмір-бақи адал болуға серт бердім. Ешқашан адалдықтан аттамауға және ел мүддесіне қиянат жасамауға ант еттім. Ата заңға қолымды қойып, оның әр сөзін мүлтіксіз орындаймын. Халқымның алдындағы осы антым алдағы қызметімде мен үшін айнымас темірқазық болады»деді.
Иә, осындай ерекше сезімге толы сәтке куә болдық. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы өз сөзінде Конституцияға сәйкес билік тармақтары түгел жаңғыртылатынын айтты. Осыған сәйкес алдағы жылдың 14 қаңтарында Сенат депутаттарының сайлауы өтеді. Жаңа өзгерістер әліде жалғасатын болады. Әділетті Қазақстанды құру – баршамыздың ортақ мақсатымыз.
Толқын БЕЙСҚАЛИ,
«Amanat» партиясы аудандық филиалы