Таяуда аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен «Шапағат» қоғамдық қорының теолог маманы Аққу Алшын мен «Жәрдем-Атырау» корпоративтік қорының маманы Вероника Белова Миялы, Мұқыр, Жангелдин ауылдық округтерінің тұрғындары және жоғары сынып оқушыларымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында қойылған сұрақтарға жауап берген Вероника Белова:
- Әрине, адасушылықтың ең үлкен қателігі өз дініміздің асылдылығын, нәзіктілігін, мейірімге толы екенін байқамадық. Ол уақытта 18 жаста едім. Бес уақыт намазымды оқып, мешіттен діни сауат алмаған болатынмын. Жолдасым ол жақта «Алла үшін жиһат жасаймыз. Сен өзіңнің қалаған киімінді киесің» деп үлкен үміт сыйлады. Алайда, біз күткеннен де өте қорқынышты, суық, қайғыға толы ортаға тап болдық. Жолдасым соғысып жарақат алды. 5 жылдан соң ғана, елге оралдық. Әрине, елге оралғанда біздерді бос жіберген жоқ. Діни біліммен сусындатып, ислам дінінің асыл дін екенін жетік меңгертті. Қазір жолдасым түрмеде өз жазасын өтеп жатыр. Сирияда жүріп елімізді қатты сағындық. Әке-шешемізге еш ескертпестен кеткендіктен олар үшін де қатты алаңдадық. Осындай өкініш болмас үшін әр азамат кез келген адамға немесе әлеуметтік желідегі уағыз айтушыларға құлақ аспауы керек», - деді. Верониканың сөзін «Шапағат» қоғамдық қорының теолог маманы Аққу Алшын:
- Негізінен өсіп келе жатқан оқушылар еліктегіш, тез қабылдағыш келеді ғой. Бұл өткізіп отырған кездесулеріміздің түп негізі сол оқушыларымызға Ислам дінінің өзіндік ерекшелігін, Әбу Ханифа мәзһабының мәні мен маңызын түсіндіру. Бұл мәзһаб - әлемде ең көп таралған және әлем мұсылмандарының қолдауына ие болған мазһабтардың бірі. Біз осы мазһабты ғана ұстанамыз. Жалпы, қоғамда теріс ағымда жүрген жастар, орта буын өкілдері бар. Олардың өзіндік сөйлеу мәнерлерінен, киім киісінен айыруға болады. Мәселен, бір-бірімен «Ахи», «Брат», «Сестра» деген сөздердермен сөйлеседі. Ер адамдарда шалбар балағын қысқарту, әйел адамдар паранжа киіп, бетін түгел тұмшалап алады. Бұл дұрыс емес.
Себебі, ислам дінінде ер адамдардың жүзінен нұр төгіліп, киген киімі жарасып тұрса, әйел адамдар ақшыл киім киіп, әурет жерлері жабық болса жарасымды. Тағы бір тоқталатыным, өскелең жастар намаз бастағысы келсе, ата-анасымен ақылдасуы тиіс. Өйткені, ата-ананың разылығымен ғана еткен дұға қабыл болады, - деп толықтыра түсті.
Кездесуден соң, теолог мамандар «Бәйтерек» мешітінде әйел жамағаттармен кездесіп, өз пікірлерімен бөлісті.
Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА