Жеке куәлігінің мерзімі карантин кезінде өтіп кеткен азаматтар жәрдемақы тиесілі болған жағдайда тиісті орындарға өтінім бере алады.
Бұл туралы Жергілікті өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте Атырау облысы бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының басшысы Алмагүл Шатенова хабарлады. "42 500 теңге көлеміндегі жәрдемақы тиесілі санаттағы азаматтың жеке куәлігінің мерзімі карантин жарияланғаннан кейін өтіп кеткен болса, жәрдемақы тағайындалады. Бірақ, карантинге дейін куәлік мерзімі өткен болса төлем төленбейді" деп атап өтті спикер.
Сондай ақ, Алмагүл Шатенова қандай жағдайда әлеуметтік көмектің берілмейтініне де тоқталып өтті. "Мемлекет тарапынан тағайындалған жәрдемақы ұлттық басқару холдингі, ұлттық холдинг, ұлттық компания қызметкерлеріне төленбейді. Сонымен бірге, Қазақстанда тұрмайтын азаматтарға, бірнеше жерде жұмыс жасап жүргендерге және соңғы бір жыл бойына ешқандай әлеуметтік төлем, зейнетақы төлемдері түспеген азаматтарға берілмейді.
Және карантин кезінде қайта жұмысқа шыққан азаматтарға немесе адам қайтыс болған жағдайда әлеуметтік төлем толықтай тоқтатылады" деп нақтылады спикер. Қазіргі таңда Атырау облысы бойынша әлеуметтік төлем бойынша бір күнде 10-15 мың өтінім қаралуда.
Еске сала кетсек, күні бүгінге дейін Атырауда 107 340 адамға 42 500 теңге көлеміндегі жәрдемақы төленді.
Атырау облысы бойынша Төтенше жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі шұғыл штабы
Сурет: ашық дереккөзден