Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес-құрылымдар арасындағы тікелей байланыстарды күшейту мен жаңа көлік-логистика дәліздерін құру міндеті туралы айтты.
«Алдағы онжылдықта Қытай, Үндістан, Таяу Шығыс, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері сияқты дәстүрлі достастықтағы елдер біздің аймақтың экономикасында ірі инвесторлар бола алады. Қытай қазірдің өзінде Қазақстанның негізгі экономикалық және сыртқы сауда серіктесі болып отыр. Бұл ел соңғы 15 жылда біздің экономикаға 21 миллиард доллардан астам инвестиция салды. Сондықтан Қытаймен көпжақты ынтымақтастықты тереңдету – біздің еліміз үшін аса маңызды міндет», - деді Қазақстан Президенті Петербургтегі XXV халықаралық экономикалық форумда.
Қ. Тоқаевтың айтуынша, саяси сәттер ғана өзекті емес, алда бизнес-құрылымдар арасындағы тікелей байланыстарды күшейту, жаңа көлік-логистика дәліздерін құру міндеті тұр.
«Алға бастайтын инновациялық-технологиялық жобалар пулын жасау, үздіксіз көлік-логистикалық тізбектерді құру, түптің түбінде жаһандық экономиканың өсуі үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру бойынша бірлескен күш-жігердің келешегі бар», - деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Петербургтегі халықаралық экономикалық форумға қатысып жатыр. Сессияда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, сондай-ақ бейнеконференция байланысы арқылы Египет Президенті Абдул-Фаттах Ас-Сиси сөз сөйлейді. Форум қатысушыларына Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин бейнеүндеу жолдайды. Спикерлер сөз сөйлеп болған соң сұрақ-жауап форматында ашық пікірталас өтеді.