Көп ұзамай күллі мұсылман баласының қасиетті мерекесі саналатын Құрбан айт мейрамы басталады.
Бұл әлімсақтан өзін мұсылман санайтын біздер үшін де ерекше күн, айтулы шара. Бұған халқымыздың жыл сайын құрбан шалып, етін жоқ-жітікке таратып, артынша бір-бірінің үйіне айттап қонаққа баратыны дәлел.
Алайда, биылғы Құрбан айтты бұрынғыдай тойлай алмаймыз. Оған себеп – әлемді де, елімізді де әбігерге салып отырған коронавирус дерті. Аурудың өршуіне орай Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының бас муфтиі бастап, басқа имамдар қоштап бүкіл халықты мейрам екен деп қауіпсіздікті ұмытып кетпеуге, сақтық шараларын сақтауға шақырып жатыр. Басты байлық денсаулық екенін жете түсінген мешіт имамдары айт намазының да оқылмайтынын ескертті. Малды онлайн түрде құрбан шалатын арнайы бағдарлама енгізіп жатқанын да естіп отырмыз. Аузы дуалы дін мамандарының бұл бастамасын мен де толық қолдаймын. Жер-жаһанды жаулаған қауіпті індеттің қарқыны әлі де басылған жоқ, вирус толық жойылған жоқ. Тек соңғы күндері карантиндік режимнің арқасында көрсеткіш сәл төмендеді.
Ертеңгі күні Құрбан айт деп бәріміз айттап, мерекелеп кетсек қайтадан өршіп кететін түрі бар. Сондықтан құрбан шаларда көп адамды жинамай, санитарлық талаптарды сақтаған абзал. Одан да пәле-жәле тезірек кетсін, аурудан тезірек құтылайық деп дұға етейік. Мешіт имамдарының айтқанына құлақ асып, сабырлық танытайық. Әлі талай ел болып құрбан шалып, көпшілік болып айт мерекесін тойлайтын күніміз келер. Алла сол күнге жеткізуді нәсіп етсін.
Есенбай НҰРОВ,
белсенді азамат