Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған...

«Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» пошташылар қызметінің тарихы тереңде.

Бүгінгі таңда үлкен реформадан өткен бұл саланың қоғам игілігіне тигізіп отырған пайдасы ұшан-теңіз. Пошта байланысы бүкіл әлемдегідей біздің елімізде де байланыстың бастауы болып табылады. Ендеше, біз мереке қарсаңында аудандық пошта байланыс торабының бастығы Роман Кәдірғалиевпен сұхбаттасқанды жөн көрдік.

- Роман Талғатұлы, төл мерекелеріңізбен құттықтаймыз. Алдымен, аудандық пошта байланыс торабының негізгі атқаратын қызметіне тоқталсаңыз?

- Аудандық пошта байланыс торабы негізгі үш қызмет бойынша жұмыс жасайды. Айталық, қаржылық, пошталық, агенттік қызмет. Толығырақ айтсақ, жеке және занды тұлғаларға есеп ашу және жүргізу, депозит салымдарын, әр түрлі салық және айыппұлдар, ақша аударылымдарын, хат-хабар, баспасөз басылымдарын, сәлем-сауқаттар кабылдау, жеткізіп беру, зейнетақы, жәрдемақы, жалақы тарату, факс, электронды пошта және «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі», «Альфа-Банк», «Хоум кредит банкі» АҚ және тағы да басқа банк филиалдарымен арадағы келісімге сәйкес ауыл тұрғындары депозиттік шоттарын комиссиясыз толтырып, несие ресімдеуге мүмкіндік алды.

Бұған қоса, тұрғындар теміржол мен әуе билеттерін бізден сатып ала алады. Бүгінгі күні, аудандық пошта байланыс торабы халыққа ұсынатын қызмет түрін ұлғайтып келеді. Мәселен, қазіргі кезде азаматтар коммуналдық, салық төлемдерін төлеуіне, нақты валютаны сатуға немесе сатып алуға, жалақы, зейнетақы, стипендия алуға болады. Бұдан басқа, халықтан депозит қабылдайды, құндылықтарды тасымалдайды, инкассалайды, зейнетақы қорлары мен сақтандыру компаниялары үшін делдалдық және агенттік қызмет көрсетеді. Жалпы алғанда халыққа елуден аса қызмет түрлерін ұсынады.

- Жалпы, тираждық ойындар қалай ұйымдастырылады?

- Әрине, «Қазпоштада» тираждық ойындар ұйымдастырылады. Ол үшін кез келген пошта бөлімшесінен тираждық немесе лездік билеттерін сатып алып, «Сәтті жұлдыз» лотереясына қатыса алады. Сондай-ақ, қазіргі таңда еліміздегі шектеу шараларына байланысты post.kz арқылы онлайн ақша аударымдарын жасау, төлемдер жасауға болады. Арнайы телеграм чаты арқылы кез келген сұрақтарға жауап та беріледі.

- Аудан тұрғындары тарапынан «Сәлемдемелер мен газет-журналдар кешігіп жетеді», «Банкоматтарда ақша болмайды және үнемі бұзылып тұрады» деген уәждер жиі айтылады. Осыған не деп жауап берер едіңіз?

- Жасалып жатқан үздіксіз қызметпен қоса, осындай сында қатар жүретіні белгілі жәйт қой. Десек те, қазіргі таңда «Қазпошта» АҚ қызметі ауқымды қызметтер атқарады. Сәлемдеме, хаттар мен газет-журналдардың бұрындары көлік қатынасының болмауынан кешіктірілді. Алайда қазір арнайы екі автокөлік сәлемдемелер тасу үшін берілді. Сондықтан, бұл мәселе қазір шешімін тапты. Аудан бойынша 11 мыңнан астам дана газет-журнал таратылса, бұған қоса, мекемелер, жеке тұлғаларға келетін хат-хабарды тасып жеткізуде біздің жұмысымызға жатады.

Былтырғы жылы «Газет-журналдар, хаттар үйімізге әкелінбейді» деген мәселе болды. Бұған курьерлердің уақытында апарған газет-журнал, хаттары далаға ұшып кетуі себеп болып отыр. Тіпті, пошта қызметкерлерінің жұмысын тиянақты орындап отыруға түрлі кедергілер кездесіп, халықтың тарапынан орынсыз сын-ескертпелер айтылып жататыны бар.

Сондықтан, әрбір газет-журнал алатын тұрғын үйлерінің қақпа сыртына пошта жәшігін ілулері керек. Ол болмаған жағдайда хат тасушылар газет-журналды есікке қыстырып кетуге мәжбүр. Бұл қатты жел, боранда ұшып кетуі ықтимал. Содан түсінбеушілік орын алады. Банкоматтарға қаржы үнемі қатаң бақылауда салынып отырады. Алайда, тұрғындар банкомат экранындағы ақпаратқа назар аудармайды.

Мәселен, банкомат «500-1000 теңге көлеміндегі қаржы бере алады» десе, ақша алушы 50-100 мың теңге көлемінде қаржы сұрайды. Міне, осыдан келіп банкоматтың қызметі бұзылады. Сондай-ақ, біз қай банкоматта ақша бар екендігін кез келгенге айта алмаймыз. Ол біздің қызметтік құпия болып есептеледі, - дейді.

- Ай сайынғы зейнетақы, бала ақысы елді мекендерге қалай жеткізіледі? Қазіргі таңда, курьер қызметінің жұмысы қалай бағалануда?

- Аудан, ауылдық округтермен қоса, елді мекендерге де ай сайынғы зейнетақы, әлеуметтік берілетін ақшалар жеткізіліп таратылады. Жоғары да айтып өткенімдей, елді мекендерге зейнетақы таратушы қызметі ай сайын кешіктірмей жұмыс жасайды. Ал, курьер қызметін жасаушы маман жасаған жұмысына қарай жалақы алады.

Толығырақ айтсақ, қазір бізде 5 курьер жасайды. Әр курьерге өздеріне бөлінген 250-300 үй берілген. Поштаға келген газет-журнал, хаттар, сәлемдемелерді қанша үйге таратса, сол жасаған қызметіне қарай жалақысы белгіленеді. Яғни, көбірек жұмыс жасаса жалақысы да көп болады. Бұған қоса, олардың міндетіне ауыл тұрғындарын басылымдарға жаздыру да кіреді.

- Жоғарыда төл мерекелеріңіз екендігін айттық. Осы орайда, мереке қарсаңында еселі еңбек етіп жүрген әріптестеріңізге қандай тілек айтасыз?

- Әр саланың өзіндік қиындығы, ұстанған бағыты мен тәртібі болады. Сол бағыт пен тәртіпке бағынып, қиындыққа шыдай білген жағдайда ғана ұжымның нәтижелі жұмысы көрінеді.

Осы тұрғыдан алғанда әріптестеріміз Маншүк Дүзбай, Ағыраш Балғожина, Марлен Қуанаев, Райхан Қанашева, Айбек Нұрғалиев, Қаламқас Дәулетова, Гүлнар Тіріжанова, Бөкенбай Аймұратов, Сергей Бишекин, Жаңагүл Қосыбаева, Надежда Өтешова, Ержан Тасболаттардың еңбегі өлшеусіз. Бұған қоса, Мұқыр және Сағыз ауылдық округтеріндегі пошта қызметкерлері Ләззат Қайырғалиева, Сара Досниязова, Айжан Төлепова және Қаракөл ауылдық пошта байланыс бөлімшесінің қызметкері Гүлайым Ерғазиева және тағы да басқа пошта саласында қалтқысыз қызмет етіп жүрген қызметкерлерді мерекелерімен құттықтай отырып, жұмыстарына жеміс, отбасыларына амандық, өздеріне мықты денсаулық тілеймін.

- Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан, Нұрсәуле СҮЛЕЙМЕН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT