Өңірде коронавирус инфекциясынан 73 және 40 жастағы екі әйел адам көз жұмды, деп хабарлайды Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, қайтыс болғандар - 1947 және 1980 жылғы Атырау қаласының тұрғындары. Тасқала елді мекенінің 40 жастағы тұрғыны 8 маусым күні әлсіздік, құрғақ жөтел, тәбеттің болмауы, жүрек айну мен құсудың қайталануы салдарынан медициналық қызметке жүгінген. Кейін ол жедел түрде облыстық аурухананың провизорлық стационарына жатқызылды.
Алгоритмге сәйкес, науқастан ПТР тест алынып, нәтижесінде коронавирус анықталған. Бұдан бөлек, дәрігерлер әйелден өкпенің екіжақты «күңгірт әйнек» типті өзгерісін байқаған. Қабылдау кезінде 40 жастағы әйелден интоксикация белгілері анықталып, жағдайы «орташа» деп бағаланды. Ол тәбеттің болмауы, құсу, дене қызуының 37 ° C -қа көтерілуі, тамақтың қызаруы және жиі құрғақ жөтеліне шағымданған. Аурханада науқасқа клиникалық хаттамаға сәйкес, емдік шаралары жүргізілді.
- 17 маусым күні кешке марқұмның жағдайы күрт нашарлап, есін жоғалтты және шұғыл түрде жансақтау бөліміне жеткізілді. Оған 30 минут ішінде реанимациялық шаралар толық көлемде жүргізіліп, дәрігерлер науқасты құтқару үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Алайда, сағат 21: 30-да биологиялық өлім анықталды. Науқасқа қойылған қорытынды диагноз: COVID-19, екі жақты полисегментті пневмония. Өлімнің себебі: өкпе эмболиясы, - деп түсіндірді денсаулық сақтау басқармасы. Ал, қайтыс болған екінші әйел –73 жастағы Атырау қаласының тұрғыны. Ол 12 маусымда облыстық аурухананың провизорлық стационарынан жансақтау бөліміне жеткізілген. Ес-түссіз күйде реанимацияға жөнелтілген науқасқа ИВЛ аппараты қосулы болған. - №2 облыстық ауруханаға келген кезде науқастың жағдайы ауыр хәлде болды. Республикалық ахуалдық орталығының реаниматологтары мен пульмонологтарынан телефон арқылы бірнеше рет кеңес алынды. Қабылданған шараларға қарамастан, 17 маусым сағат 20:40-та биологиялық өлім тіркелді. Әйелдің қорытынды диагнозы: COVID-19, екі жақты полисегментті пневмония, ілеспелі ауруларының диагнозы: жүректің бастапқы зақымдануы бар гипертензия және семіздік. Аурудың асқынуы салдарынан науқаста полиорган жетіспеушілігі пайда болған, - деп қорытындылады облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Айта кетейік, 18 маусымда Атырау облысында коронавирус инфекциясынан 8 адам өлімі тіркелді.