Қызылқоға аудандық сотында Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 147-1-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін азамат М.-ға қатысты әкімшілік іс қаралды.
Сотта анықталғандай, азамат М. тиісті ауылдық округтегі көшенің №11А үйдің ауласында, жәбірленуші ағасы Ж.-нің иелігіндегі жүк тіркегіш прицепінің 2 дана дөңгелегін және мотоциклінің 1 дана дөңгелегін асхана пышағымен жарып, қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілерінсіз бөтен мүлікті қасақана бүлдірген.
Сот отырысында құқы бұзушы М. Өзінің кінәсін мойындап, ағасымен сөзге келіп қалып, әрі қарай ағасына ашуланып, жүк тіркегіш прицеппен мотоциклдің дөңгелегін асхана пышағымен жарып тастағанын, жасаған әрекетіне өкінетінін, жәбірленушіден кешірім сұрайтынын, бүгінгі таңда материалдық залалдың орнын толтырғанын айтып айғақ келтірді.
Жәбірленуші Ж.-да сот отырысында болған оқиғаны растап, оны жасаған ағасының ұлы екенін білгенін, бүгінгі таңда өзіне келтірілген материалдық залалдың орны толық көлемде қайтарылмағандықтан, оған заңда көзделген жаза қолдануды сұрады.
ӘҚБтК-нің 147-1-бабының 1-бөлігіне сәйкес, бөтен мүлікті қасақана жою немесе бүлдіру, егер бұл әрекетте қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса ‑ елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не бестен жиырма тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға алып келеді.
Сот, құқық бұзушыға әкімшілік жаза қолдану барысында ӘҚБтК-нің 56-бабына сәйкес, оның жауаптылығын жеңілдететін мән-жайға, өз кінәсін толықтай мойындағанын және шынайы өкінуін таниды.
Басқа жауаптылығын ауырлататын мән-жайлар сот отырысында анықталмаған.
Сот қаулысымен, азамат М. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 147-1-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 196 600 теңге әкімшілік айыппұл салынды.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.
Қызылқоға аудандық соты