Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

АЭС: мамандар елімізде даярланады

Петропавл қаласында «Sarap» талдау клубы АЭС туралы жалпыұлттық референдумның негізгі мәселелеріне арналған кездесу өткізді.

«Біз қазір АЭС салу мәселесі жөнінде белсенді пікір алмасудамыз. Мен азаматтардың толық білікті ақпарат алуымен қатар өздерін алаңдатқан сұрақтарға жауап аларына сенімдімін», деді облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов.

Күн тәртібіндегі әңгіме негізінен АЭС-тің елімізге қажеттілігі, экологиялық тәуекелдер, атом энергиясын бейбіт мақсатқа пайдалану келешегі төңірегінде өрбіді.

«Басты мақсатымыз – халық референдумда дауыс бергенде түрлі көңіл күйге берілмей, арнаулы мамандардың тұжырымы негізінде шешім қабылдауына жағдай жасау. Сондықтан арнаулы мамандарды әкеліп, атомның бейбіт мақсатқа қызмет етуінің қаншалықты маңызды екенін түсіндіруге тырысып отырмыз. Біз азаматтық қоғам институты ретінде осы жұмысты қолға алдық. Оның үстіне бейтарап алаң ретінде халықтың түрлі пікірін тыңдағымыз келеді», деді қоғамдық үрдістерді зерттеу орталығының басшысы Риззат Тасым.

«Ұлттық ядролық орталық» директорының орынбасары Ерболат Қоянбаев пен осы орталық ҒЗИ бас инженерінің орынбасары Денис Зарва сияқты білікті мамандар жиналғандарға атом энергетикасының маңызы, оны қолдану қауіпсіздігі туралы айтып берді.

«Қоғамда атом энергиясын қолданудың қаупі туралы лақаптың белең алғаны рас. Белсенді азаматтардың бәрі мұндайда Чернобыль мен Фукусима атом реакторларының жарылғанын мысалға келтіреді. Ол ІІ буын реакторлар болатын. Қазір Қазақстанға АЭС салынатын болса ІІІ және ІІІ+ реакторлар қолданылады. Бұлардың қауіпсіздігі жоғары және апатты жағдай бола қалғанның өзінде автоматты түрде тоқтатылып, реактор 72 сағатта салқындатылады. Атом реакторын қолдану идеясы бүгін туып отырған жоқ. Қазірдің өзінде Курчатовта 2 зерттеу реакторы жұмыс істейді. Соның біріншісі өткен ғасырдың 60-жылдарынан бері ешқандай апатсыз жұмыс жасап тұр. Атомды қолданғанда шығарылатын ядролық қалдықтан да қауіп жоқ. Оларды қауіпсіз сақтаудың технологиясы табылған. Қалдықтарды сақтайтын арнайы орындар жабдықталған. Айта кететін жайт, атом энергетикасының қалдықтары басқа энергетика көздері қалдығынан әлдеқайда аз. АЭС тұрғызуға қарсы алаңдататын тағы бір күмән – саланы игеруде бізде білікті маман жоқ деген қорқыныш. Алайда елімізде атомды жүйелі түрде зерттейтін ғылыми орталықтар бар. Тіпті реакторлық қауіпсіздік саласында қазақ ғылымының деңгейі жоғары деп айтуға болады. Егер олай болмаса халықаралық дең¬гейде танылған ядролық мекеме¬лер мен реакторлық технологияларды дамытып жатқан елдер біздің «Ұлттық ядролық орталықпен» жұмыс істемес еді. Курчатов қаласында орналасқан орталық барлық реакторлық технологияны шығаратын елдермен жұмыс істейді. Атап айтқанда, Жапонияның атом агенттігімен бірлесіп болашақта қолданылатын IV буындағы реакторлық отынның қауіпсіздік мәселесін зерттеп жатыр. Сондай-ақ франциялық «Astrid» реак¬торының қауіпсіздігін тексеру жұмыстары жүргізілуде», деді Ерболат Қоянбаев.

Сонымен қатар ол Курчатовтағы ядролық орталықта 300 адамның еңбек ететінін, ал Ядролық физика институтының реакторында 200-дей адам қызмет істеп жүргенін айтты.

«Әрине, технологияға тәуелділік бар екені рас, бірақ мамандар саны жеткілікті болады деп ойлаймын. АЭС салынып жатқан уақытта да жүздеген маман даярланады. Біз өткен ғасырдың 90-жылдарынан бері Семейдегі Шәкәрім атындағы университетпен келісімшартқа отырдық. Онда атом саласының мамандарын даярлайтын арнайы кафедра құрылып, факультет ашылған. Ондағы мамандар «техникалық физика», «ядролық физика» деген атаумен даярланады. Курчатов қаласында филиалы бар. Шығыс Қазақстандағы екі университеттің кафедрасы да Курчатовтың өзінде жұмыс істейді. Алдағы уақытта еліміздің алдыңғы қатарлы ҚазҰУ мен ЕҰУ сияқты университеттерінде де осы саланың арнайы мамандары даярланатын шығар деп ойлаймын», деді ол.

Маман АЭС салуға үмітті компаниялардың халықаралық арена¬да танылып, жетік маман¬данған кәсіпорындар екенін жеткізді.

«Егер компанияның жұмысынан бір кінәрат табылса, ондай компанияның өзіне сын келіп, оған деген сенім жойылады. Сондықтан мұндай кәсіпорындар жұмысқа барынша жіті қарайды. Оның үстіне олардың жұмысын бақылайтын «авторлық қадағалау» деген бақылау жүйесі бар. Екіншіден, өзіміздің Атом және энергетика комитеті де бұған атсалысады, құрылысты толық қадағалайды. Үшіншіден, МАГАТЭ сарапшылары да АЭС салынған кездегі барлық сатыны тексеруге мамандарын жіберіп отырады. Олар тіпті «реакторды саламыз» деген әңгімені ести сала, АЭС салынуы мүмкін Балқаш пен Курчатовты тексеруге келіп, осы жерлерде АЭС салуға болатынын айтқан», деді Ерболат Қоянбаев.

Пікіралмасу алаңында «Ұлттық ядролық орталық» ҒЗИ бас инженерінің орынбасары Денис Зарва да баяндама жасады. Оның айтуына қарағанда, халықтың ядролық энергияның қаупіне алаңдаушылық білдіруі Семей ядролық полигонының зардабы салдарынан туындап отыр. Бірақ ол – бейбіт емес, соғыс қаруын жасауға қолданылған атом. Ал бейбіт мақсатта ядролық отынды пайдалануда бізде тәжірибе аз емес.

«Курчатовта екі, Алматыда бір, барлығы үш реакторды бейбіт зерттеу мақсатында қолданып отырмыз. Бұған дейін Ақтау қаласында да жылдам нейтрондармен жұмыс істейтін БН-350 өнеркәсіптік реакторы қол-данылған. Сонымен қатар әлемдегі уран өндіру бойынша алдыңғы қатарлы елдердің біріміз. Осылардың бәрі біздің атом қуатын бейбіт мақсатқа қолдануымызға мүмкіндік береді», деді.

«Қазір әлемде көміртекті отын қолданатын жылу энергиялық стансаларында қауіпті қалдық концентрациясы еселеп артқан. Мұны жұрттың бәрі біледі. Тіпті тазарту жүйелері ең жақсы жолға қойылған стансалардың өзі қуаттылығына қарай жылына атмосфераға 7-ден 120 мың тонна аралығында күкірт, 2-ден 20 мың тонна аралығында азот, жүздеген мың тонна күл, 3-тен 7 млн тоннаға дейін көміртек газын шығарады. Осылардың құрамында адам ағзасына зиянды сынап, күшән, кадмий, қорғасын болады», деді маман.

Кездесуге келген қатысушылар АЭС құрылысына қарсы еместігін, алайда осынау маңызды жоба кімге сеніп тапсырылады деген мәселеге алаңдайтынын жеткізді. «Мәселен, ресейлік компания санкция мәселесіне байланысты импорттық жоғары технологиялы компоненттерді Батыс елдерінен сатып ала алмайды. Сондықтан оның орнына сапасыз бір затты салып, қауіпті жағдай туғыза ма деп алаңдаймыз», деді көпшілік. Мұндай пікірлерді басқа азаматтар да айтып жатты.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT