Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Референдум: жұмыс тобы онкодиспансер ұжымымен кездесті

Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдум өткізуге дайындық аясында халықтық штаб мүшелері түсіндіру жұмыстарының қарқынын арттыра түсті. Осы мақсатта «AMANAT» партиясының Атырау облыстық филиалы жанында 14 жұмысшы тобы құрылған. Бұл топтар халық арасында референдумның мән-маңызын түсіндіріп, атом энергиясының халық саулығы мен қоршаған ортаға әсері туралы кеңінен ақпарат беруді көздейді. 

Облыстық онкологиялық диспансерінің басшысы, облыстық мәслихаттың депутаты Эльмира Сапарова бастаған жұмыс тобы облыстық онкологиялық диспансердің ұжымымен кездесті. Басты мақсат – АЭС құрылысы туралы референдумның маңызын түсіндіру және бейбіт атом энергиясын пайдалану мәселелерін талқылау.

Кездесу барысында штаб мүшелері атом энергиясын пайдаланудың адам саулығы мен қоршаған ортаға әсері туралы нақты дерек-мысалдар келтірді. Олар атом электр станциясының заманауи технологиялары қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, радиациялық қауіптің деңгейін төмендететінін және бұл шешім Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етуге бағытталғанын атап көрсетті.

Кездесуге «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалы Партиялық бақылау комиссиясының төрайымы Нәсіп Шалабаева, денсаулық сақтау саласының ардагері, техника ғылымдарының кандидаты Қариполла Наурызалиев және денсаулық сақтау саласының ардагері Түркпенбай Нұржігітов қатысты. Олар да референдумның маңызы жөнінде пікір білдіріп, тұрғындарды азаматтық борышына адалдық танытуға шақырды.

Әлбетте, референдум өткізу – елдің болашағы үшін аса маңызды қадам. Өйткені, оған азаматтардың қатысуы мен пікірі – Қазақстанның энергетикалық дамуындағы басты шешімдердің бірі болмақ.

– Жасыратыны жоқ, тәуелсіздік алғаннан бері өте үлкен техникалық прогрестен кешеуілдеп қалдық. Оны мойындауымыз керек. Оның да түрлі себептері бар. Бірақ оны жіктеп жатқаннан гөрі дәл қазір көштен қалмауыз шарт. Ал қазіргі елде АЭС салу мәселесі – өте өзекті тақырып. Бұл – жасыл энергияға жататын өндіріс, сондықтан ел болып бірігіп, кешікпей қолға алған жөн. Елімізде осы бағытта мамандарымыз да бар, болмаған жағдайда оны дайындауға мүмкіндік те жеткілікті. Әрине, халықтың пікірі екіге бөлініп жатқанын ескерген жөн, «оған қазынаның мүмкіндігі бар ма?» деген сауалдың мазалайтыны да жасырын емес. Бүгінгі кездесудің мақсаты да сондай күмәнді ойларға жауап беруді көздейді, — деді Т.Нұржігітов.

Халықтық жұмыс тобының мүшелері алдағы уақытта облыс тұрғындарымен кездесулерде түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізіп, халықтың пікір-ұсыныстарын тыңдай отырып, талқылауды жалғастыру жоспарлап отыр.

Жайна МӘЛІМҚОЖА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT