Атом электр станциясы — баламалы энергия көзі. Стратегиялық нысан арқылы алынған энергияға салық салынбайды. Өйткені ол экологияны ластамайды. Ал, болашақта көмірден энергия өндіретіндерге карбон салығы салынады. Онда энергияның тарифі еселеп өседі. Өндіріс көлемі күрт қысқаруы мүмкін. Міне, сол кезде энергия тапшылығы мәселесі өзекті болады дейді сарапшылар. Ал атом электр станциясының экономикалық пайдасы қандай? Бұл мәселеге Jibek Joly жаңалықтарында жан-жақты шолу жасалды.
Қазір геосаяси шиеленістен әлемде экономикалық ахуал шатқаяқтап тұр. Газ тапшылығынан Батыс елдерінің біразы қиын жағдайға тап келіп отыр. Оның ішінде АЭС-і бар Франция ғана көгілдір отынға тарығып отырған жоқ. Себебі Париж газдың жылуына зәру емес.
«Біз атом электр стансаларының игілігін 70 жыл бойы көріп келеміз. Осы жылдар аралығында ешқандай қауіп те, апат та болған емес. Бұл — нағыз қауіпсіз әрі тиімді энергия көзі. Бастысы барлық технология сақталып, дұрыс пайдалана білсе игі», — дейді EDF компаниясының Азиядағы бизнесті дамыту жөніндегі басшысы Пьер-Пол Отениссанс.
Энергия тапшылығы сезілген сайын ғаламдық энергетика жүйесінің АЭС-ке тәуелділігі арта түсті. Қазақстанда да мәселе өзекті. Халық саны мен кәсіпорындар көбейіп жатқандықтан электр қуатын тұтыну да өскен. Ал өндіріс үшін тұрақты энергия көзі керек.
Әсіресе оңтүстік өңірлерде электр қуаты қат. Мәселен, елде жарты жылда 6 мың мегават энергия тапшы болған. Елдегі станциялардың 70 пайызы көмірмен жұмыс істейді әрі басым бөлігі әбден тозған. Арагідік істен шығып, жөндеу жұмыстарын қажет етеді.
«Осы жылдың алты айында еліміз 60 млрд квт сағат электр энергиясын тұтынды. Оның 1 млрд-ын Ресейден сатып алдық. Былтыр бүкіл тұтынылған энергияның 2 пайызын Ресейден алуға мәжбүр болдық», — дейді Энергетика министрлігі атом энергетикасы және өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мұрсалова.
Ресейден бөлек, Қырғызстаннан да электр қуатын импорттаймыз. Әлбетте, бұл — мемлекет үшін артық шығын. Өзбек ағайын болса, өз атом станциясын салуды жөн көрді. Егер Қазақстан қазірден қамданбаса, оңтүстіктегі көршімізден де тоқ тасымалдауға тура келеді.