Әр жол-көлік оқиғасының артында адам өмірі мен денсаулығы, тағдыры тұрары сөзсіз.
Мұны көптеген көлік жүргізушілері түсінбейді. Немесе түсіне тұра мән бермейді. Ал, бұл соңында жол-көлік оқиғасына апарып, адамдар зардап шегеді. Қазіргі уақытта көліктің көбейгені шындық, әсіресе жеңіл көліктер көбейді. Жол да салынып, жолаушылар тасымалы жақсарды. Бұрын қалаға бару үшін таласа-тармаса «Уаз» көлігіне мінетін адамдар, қазір оны іздемейді де. Барлығына да жайлы, жеңіл көлік қажет.
Ал, осы жайлы көліктердің жүргізушілері сайлы ма? Оған қарап жатқан ешкім жоқ. Менің байқағаным таксилетіп жүргендер арасында бірен-саран ересектер болмаса, негізінен тәжірибесіз жастар. Олар баратын жеріне тез барып, тез қайтуды ойлайтын секілді. Жолшыбай кездескен көліктерді басып озғанды мәртебе санайды. Көлікте жолаушы барын әсте ойламайды. Сөйтіп, жарысып жүргенде ала-топалаң шаңнан түк көре алмай айдалада бір-бірімен соқтығысып жатады. Менің ойымша, адам тасымалына белгілі бір жастан кейін, тәжірибе жинақтаған соң рұқсат берген дұрыс. Сонда бәлкім жол-көлік оқиғасы азаятын болар.
Ғалымбек ТӨЛЕГЕН,
жүргізуші