Әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы парызды өтеуге әрбір азамат міндетті. Себебі, туған жерді, елді, атамекенді қорғау – қасиетті борыш. Сол қасиетті парызды өтеп жүрген жас сарбаздардың бірі - көздіғаралық Өміржан Байболсынов.
Ол Орал қаласындағы Ұлттық ұланның 5517 әскери бөлімінде азаматтық борышын өтеп, ел тыныштығын күзетуде. 2004 жылдың қазан айында дүниеге келіп, 18 жасқа толған боз бала әскер қатарына қабылданады. Абыройлы міндетті арқалаған сарбаз ант қабылдап, өзі секілді ел үміттерінің қатарына қосылады.
– Балам әскерге аттанған кезде аз-кем қобалжып, әскердегі жағдайына алаңдағанымыз рас. Әскерге өзі сұранып қатарластарымен бірге кетті. Ант қабылдау рәсіміне барып, баламның әскери өмірімен таныстым. Сол сәтте кеудемді қуаныш кернегені жасырын емес. Аналық жүрегім толқып кетті. Қазір баламның Отан алдындағы борышын өтеп жатқанына жеті айдан асты. Еліміздің әр өңірінен келген жас сарбаздармен түскен суреттерін жіберіп отырады. Әрбір перзенттің Отан алдындағы борышын өтеуі нағыз патриоттық пен елжандылықтың көрінісі, – дейді анасы.
Отбасындағы бес баланың үлкені Өміржан Әлібекұлы өзінен кейінгі бауырларына қашанда үлгі болып жүреді. Жас сарбаз мектеп жасынан спортқа бейім. Қазақ күресінен түрлі жарыстарға қатысып жүлдегер атанған. Қазақ күресінен спорт шеберлігіне үміткер. Әскер қатарында да түрлі жарыстарға қатысып бақ сынап жүр. Жақында ғана әскери бөлімшеде өткен жекпе-жек біріншілігіне қатысқан Өміржан жеңіс тұғырынан көрінді. Материал жазу барысында сарбазбен байланысу мүмкін болмады. Десе де орайын тауып байланысуға тырыстық. Телефонмен ұзақ сөйлесе алмасақ та сарбазбен бір-екі ауыз тілдесіп қалдық.
– Отан алдындағы борышымды Ұлттық ұлан сапында өтеу бақыты бұйырды. Қырағылық пен төзімділікті серік етіп, әскери өмірге үйреністік. Үйдегі еркеліктен тыйылып, жауапкершілікті сезінудеміз. Өзімнің қатарластарымды әскери міндетті абыроймен атқаруға шақырамын, – дейді жас сарбаз.
Елімізді, ұлаңғайыр жерімізді қасық қаны қалғанша қорғау – ер азаматтың міндеті. Өміржан секілді айбынды ұлдар еліміздің қорғаны. Иә, бүгінгідей алмағайып заманда елдің тұтастығын, жұрттың тыныштығын сақтау үшін әскеріміздің айбынды, жауынгерлеріміздің жалынды болуы керек. Жастарымыз әскери борышын өтеуге қаймығып емес, қанаттанып аттануы үшін оның оң имиджін қалыптастырып, беделін арттыру – күн тәртібіндегі міндет. Тәуелсіздік үшін ата-бабамыз ерлікпен от кешіп, кең байтақ жерімізді жаудың қолында кетпеу үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей, елім деп еңіреген ерлердің ерлігі тарихта таңба басқандай із қалдырды. Сол ерліктің жемісі бүгінде халқымыз тәуелсіздік туының астында бейбіт күн кешуде. Шекарасы бекіп, туы тіктеліп, әскери құрылымы нығайды. Осындай аманатты қорғай білу – бүгінгі жас өрендердің парызы. Олай болса, Отан алдындағы борышын өтеп жатқан сарбаздарға абыройлы қызмет тілейміз.
Гүлмира ТІЛЕГЕНОВА