Осы аптада күзетпен ұстаудан 36 адам босатылды. Бұл туралы ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов айтты.
«Ұлттық алдын алу тетігі мен қоғамдық бақылау комиссияларының өкілдері барлық арнайы мекемелерге кедергісіз кірді. Мекемелердің барлық тұрғын, коммуналдық-тұрмыстық үй-жайлары қоғамдық өкілдердің қатысуымен комиссиялық тексерістен өткізілуде. Тергеу изоляторларына түсетін адамдар міндетті түрде медициналық қараудан өтеді. Дене жарақаттары анықталған жағдайда бейнетүсірілім жасалып, жедел медициналық көмек көрсетіледі. Ондай әрбір факті туралы прокуратура органдарына хабарланады. Мекеме жағдайында білікті медициналық көмек көрсету мүмкін болмағанда олар азаматтық денсаулық сақтау мекемелеріне жеткізіледі және арнайы күзетілетін палаталарда ем қабылдайды», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.
Оның атап өтуінше, барлық тергеу әрекеттері арнайы жабдықталған бейнебақылау камералары орнатылған үй-жайларда жүргізіледі. Сондай-ақ прокуратура органдары заңдылықтың сақталуына үнемі қадағалап отырады.
«Жеке басы мен қылмыстың ауырлығын ескере отырып, ішкі істер органдары бастамашылығымен 103 адам қамаудан босатылды. Оларға қатысты қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес бұлтартпау шаралары қолданылды. Тек осы аптаның басынан бері күзетпен ұстаудан 36 адам босатылды. Бұрын хабарланғандай, осы негіздер бойынша уақытша ұстау изоляторына кіргізбей 200-ден астам күдіктіге қатысты бұлтартпау шараларының өзге түрлері қабылданды», - деді Санжар Әділов.