Елімізде төтенше жағдай енгізілгелі көптеген кәсіп иелері мен жұмысшылар жұмысынан айрылып, соның салдарынан біраз отбасы табыссыз қалғаны белгілі. Соған орай, сәуір, мамыр айларында мемлекет тарапынан табысынан айырылған жандарға еліміздегі ең төменгі жалақы 42 500 теңге көлемінде жәрдемақы тағайындалған болатын. Алғашында бұл жәрдемақыны алу, оған өтініш беру мәселелері аса қиындық туғызып, біраз дауға айналғаны белгілі.
Алайда, бәрі оңынан шешіліп, төтенше жағдай кезінде ел бойынша 4 миллиондай адам аталмыш жәрдемақыны алса, аудан бойынша бес мыңдай табысынан айырылғанғандарға берілген. Ал, шілде айында еліміз бойынша карантин режимі жарияланғаннан кейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов кезекті рет кәсібі тоқтап, уақытша жұмыссыз қалғандарға 42 500 теңгеден, ал, тамыз айында карантин жарты айға созылатындықтан 21 250 теңгеден берілетінін айтқан болатын.
Осы орайда, «Карантин кезінде тағайындалған жәрдемақы қалай беріліп жатыр, оны кімдер алды, кедергілер бар ма?» деген заңды сауал туындары хақ. Соған сай, аталмыш сұрақтардың жауабын алу мақсатында жауапты органдар мен тұрғындардың пікірін біліп, жәремақының жыры мен сырына үңілгенді жөн көрдік.
Бұл жолы бұрынғыдай кедергі жоқ
Елімізде шілде айынан бастап карантин жарияланып, ол бүгінде 17 тамызға дейін ұзаратыны белгілі болып отыр. Демек, карантиннің салдарынан көптеген отбасы табысынан айырылып, кейбір кәсіп иелері жұмысын тоқтатты. Соған орай, мемлекет тарапынан шілде айына 42 500 теңге, тамыз айына 21 250 теңге төлдеу туралы шешім қабылданып, бүгінде жәрдемақы тағайындау жұмыстары жүріп жатыр. Карантин режиміндегі жәрдемақының бір тиімді тұсы – шілде айында өтініш беріп жәрдемақы алғандар тамыз айында өтініш бермейді, Оларға 21 250 теңге автоматты түрде түсіп тұрады. Ал, 42 500 теңгеге алғаш рет осы тамыз айында да өтініш жіберіп отырғандарға расымен табысынан айрылған болса бірден 63 мың 750 теңге аударылады. Яғни, шілде айының толық жәрдемақысы сосын тамыздың жарты айын қоса төлейді. Осы орайда айта кетсек, жәрдемақыға өтініштер 17 шілдеден бастап қабылданып, 20 шілдеден бастап төлене бастады. Қазіргі таңда, аудан бойынша 1399 адамға жәрдемақы тағайындалды. Бұл шілде айындағы мәлімет. Ал, өтініш беріп үлгермегендер тамыз айында берсе де болады. Бір қуаныштысы – осы жолы жәрдемақыға өтініш беру жеңілдеді. Өтінішті бұрынғыдай enbek.kz cайты және egov.kz порталы арқылы жіберуге болады. Сондай-ақ, телеграм-боттар мен kaspi.kz қосымшасы арқылы да өтініш беріп жатқандар бар. Яғни, үкімет халыққа барынша тиімді жолды ұсынып, өтініш беруді бір жүйеге келтіргендіктен бұл жолы бұрынғыдай көп кедергі болған жоқ. Осы орайда, жәрдемақыға өтінішті 1 қыркүйекке дейін беруге болатынын айта кетейік.
Жанар АСАНҒАЛИЕВА,
«Аазаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ
Атырау облысы бойынша филиалы әлеуметтік қамсыздандыру бойынша
Қызылқоға аудандық бөлімі
Компания өзі төлеп отыр
Мен өткен жылдан бері Теңіз кенішіндегі «ССС» компаниясында жұмыс жасаймын. Наурыз айының басында вахтадан келгеннен кейін жұмыс болған жоқ. Алайда, компания бізді табыссыз қалдырмай, маусым айына дейін жалақымызды 100 пайыз төлеп келді. Сөйте тұра, көптеген жұмыстастарым жалақы алып отырса да сәуір айында 42 500 теңге жәрдемақыға өтініш тапсырып, қосымша оны да алып алды. Мен де сынап көру мақсатында аталмыш жәрдемақыға өтініш беріп едім, көп ұзамай 42 500 теңге түсті деген хабарлама келіп тұр. Алайда, үйдегі анам «Онсыз да жалақыңды алып отырсың. Басқа да мұқтаждарға бұйырсын, кейін аударып жібер» деп ақылын айтты.
Сөйтіп анамның айтқанын құп көріп, түскен ақшаны kaspi.kz қосымшасы арқылы аударып жібердім. Ал, маусым айының аяғында жұмыстағы басшылар хабарласып, шілде айынан бастап жалақы төленбейтінін, бірақ, жұмыстан қысқармайтынымызды жеткізді. Сөйтіп жүргенде теледидардан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов карантин режиміне байланысты табыссыз қалған ел тұрғындарына ең төменгі жалақы мөлшерінде жәрдемақы төленетінін айтты. Соған өтініш берермін деп ойлап жүргенде компанияның есеп бөлімінен хабарласып, «Жәрдемақыға өтініш тапсырмайсыңдар. 42 500 теңгені мемлекет емес компания береді» деді. Көп ұзамай жаңағы айтқан ақшалары түсті. Енді тамыз айына да солай төленетін шығар деп отырмыз. Әрі қарай қыркүйек айынан бастап жұмысқа шақыратындарын айтты. Оған да көп қалған жоқ, сабыр сақтап күтеміз.
Тұрсынбек СЕРІКҚАЛИЕВ,
Миялы ауылының тұрғыны
Аз да болса көңілге медеу
Бүкіл әлемді жайлаған коронавирус ауруы еліміздегі барлық салаға өз зиянын тигізіп отыр. Әсіресе, жеке кәсіптен нәпақасын тауып жүрген біз сияқты жандарға қиын болды. Мен соңғы 7 жылдан бері той-бизнесінде жүрген кәсіпкермін. Алғашында дос баламның камерасын алып, тойларды түсіре бастадым. Кейіннен оған фотоаппарат қосып, жұмысты жандандырған едік. Осылайша, тойда камерамен, фотоаппаратпен халыққа қызмет көрсетуді қолға алдық. Табысымыз да жаман болмады. Ал, қаңтар айында Алматы қаласына барып биылғы той маусымына дайындық есебінде жаңадан құрал-жабдықтар алып қойдық. Сөйтіп, жаңаша қарқынмен бастаймыз деп отырғанда төтенше жағдай жарияланды, артынан карантин режимі енгізіліп, бүкіл жоспарымыз бұзылды.
Табысынан айырылған кәсіпкер есебінде сәуір, мамыр айларында 42 500 теңгеге өтініш бердім. Ол өтінішім басында дұрыс толтырылмады, кейіннен портал жасамай қалды. Әйтеуір әуре-сарсаңға түсіп жүріп әрең алдым. Ал, өткен шілде айында қатты қиындыққа тап болған жоқпыз. Ұялы телефондағы Каспий банктың қосымшасы арқылы тапсырып едім, жәрдемақы көп күттірмей бірден түсті. Енді «Шілдеде тапсырғандар тамыз айында өтініш бермейді, ақша өзі түседі» деп жатыр ғой. Бұл да тиімді екен, күтейік. Жалпы 42 500 теңге кәсіптен нәсібін тапқан жандарға аз ақша. Мысалы, бұрын мен той маусымында айына 200-250 мың теңге аралығында табыс табатынмын. Ал, қазір 42 500 теңге алып отырмын. Табысым 4-5 есе түсіп кетті. Дегенмен, аз да болса көңілге медеу. Қазіргі қиын жағдай мұның бәріне түсіністікпен қараймыз. Тек жаман ауру тезірек кетіп, еліміз қайтадан баяы шат-шадыман күйіне оралса екен.
Азамат ҚОҢЫРБАЙ,
жеке кәсіпкер
Берген өтінішім қабылданбады
Өткен жылдың қазан айында Теңіз кенішінен жұмыстан қысқарып келдім де, тәуекел деп жеке кәсіппен айналысуды жөн көрдім. Сөйтіп, ауылдағы жалға беретін сауда үйінің бірінен бір бөлмені алып, киім-кешек, ойыншық сынды уақ-түйектерді сата бастадым. Басында Алматы, Түркістанға өзім барып жүрсем, кейіннен интернет арқылы тапсырыспен алдыра бастадым. Кәсібім енді-енді дөңгелене бастағанда аты өшкір жаман ауру келіп, жұмысымыз тұралап қалды. Сөйтіп сәуір айында 42 500 теңгеге өтініш берген едім, алайда қабылданбады. Себебі, бірыңғай жиынтық төлемді аударуым керек екен. Оны төлеген соң мамыр айында өтінішім қабылданып, 42 500 теңге түсті. Ал, маусым айында сауда нүктемізді ашып, жұмысымыз жүре бастаған еді. Алайда, шілде айында тағы да карантин режимі басталып, саудамыз қайтадан тоқтады. Енгізілген карантин режиміне байланысты шілде айында қайтадан жәрдемақы берілетінін естіп, өтініш берген едім. Бірақ, әлі өткізе алмай отырмын. Сайтына да кірдім, телеграм-бот арқылы да, Каспий банктың қосымшасы арқылы да тапсырып отырмын. Алайда, өтінішім қабылданбады. Енді не істерімді білмей отырмын. Негізі бұл өтінішті интернет арқылы емес бір мекемені жауапты қылып, бекітіп қойған дұрыс сияқты. Сонда біз сияқты интернет тілін дұрыс түсіне бермейтіндерге көп көмегі болар еді. Әйтпесе, өтінішті өзіміз жібере-жібере шаршадық. Енді тағы бір кәсіпкер құрбым «Үйге кел, бірге жіберіп көрейік» деген еді. Соған барып тағы бір мәрте өтініш жіберіп қараймын.
Айнара ӘБІЛҚАЙЫРОВА,
Сағыз ауылының тұрғыны
Түйін.
Расымен де, қазір табысынан айырылған жандар үшін өте қиын кезең. Бір жағынан несиесі қинаса, бір жағынан үйіне кіріс кірмей отыр. Осыны жете түсінген үкімет сондай жандарға ең төменгі жалақы мөлешерінде жәрдемақы тағайындап берді. 42 500 теңге бір қарағанда аз ақша болып көрінгенмен, «Мүлде табыссыз отырғаннан жақсы» деп көп адам өтініш беріп, алып та үлгерді. Алайда, кейбір түйіткілдер әлі де бар. Дегенмен, сәуір, мамыр айындағы жағдайға қарағанда өтініш беру біраз жеңілдегенін көріп отырмыз. Әрі төтенше жағдай кезінде жәрдемақыны жалақысы сақталып, жұмысы барлар да алып отырса, бұл жолы тек табысынан айрылғандарға ғана беріліп жатыр. Енді осы мүмкіндікті пайдаланып табыссыз қалған жандар тез арада алып үлгеруі керек. Қазір ауру бәсеңсіп, беті қайтып келе жатыр. Мүмкін бәрі жақсы болып, жұмыссыздар жұмысына, кәсіпкерлер кәсібіне оралар. Ендеше «Сондай жарқын күндерге тезірек жетуді нәсіп етсін» деген тілектен басқа айтарымыз жоқ.
Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН
Сурет: ашық дереккөзден