Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

15 тонна қоқыс шығарылды

Еліміз бойынша 19 қыркүйекте «World cleanup Day» акциясы, яғни «Бүкіләлемдік тазалық күні» болып өтті. Бұл тазалық акциясы әлемде 12 жылдан бері өтіп келеді.

Өткен жылы 169 мемлекеттің еріктілері қатысып, өздері тұратын өңірдің көшелері мен саябақтарын, өзен-көлдері мен ормандарын қоқыс пен тұрмыстық қалдықтан тазартуға атсалысса, биылда бұл үрдіс жалғасын тапты. Нақтырақ айтсақ, аудан бойынша тазалық күніне 462 адам қатысып, оның ішінде бөлім, мекеме қызметкерлері, ауыл тұрғындары және де еріктілер болды. Сондай-ақ, сенбілікке 10 трактор, 3 КамАЗ көліктері жұмылдырылып, 15 тонна қоқыс шығарылды.

Осы орайда, Жамбыл ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Медет Қабылқайыров:

- Ауыл тазалығына немқұрайлы қарамау ауыл халқының ұйымшылдығын көрсетеді. Осы тұста, Жамбыл ауылдық округі бойынша Қарабау-Миялы тас жолының Қаракөл ауылының тұсынан өтетін 10 шақырым территориясы тазаланды. Тазалыққа 5 мекемеден 54 адам қатысып, 1 трактор тіркемесімен және 4 жеңіл автокөлік жұмылдырылды. Барлығы 0,4 тоннадай қоқыс жиналса, оның 60 килограмы пластикалық қалдықтар. Аталған қалдықтар сұрыпталып, бөлек жиналды, - дейді.

Қоршаған ортаны қорғау, тазалықты сақтауды мақсат еткен шараға ауыл тұрғындары ауа-райының қолайсыздығына қарамастан белсене атсалысты. Оның ішінде, аудан орталығындағы бөлім, мекеме қызметкерлері өз ұйымшылдықтарын байқатты.

- Табиғаттың таза болуы ауылымыздың көркін арттыра түсетіні белгілі. 19 қыркүйек «Бүкіләлемдік тазалық күніне» орай, сенбілікке ұжым болып белсене атсалып, әртүрлі қалдықтарды, қоқыстарды жинастырдық. Бір өкініштісі – ауыл сәнін кетіріп жатқан ауыл тұрғындары пайдаланған әртүрлі заттардың қалдықтары. Демек, әр ауыл тұрғыны өзі пайдаланған қалдықты қоқыс жәшігіне салып немесе арнайы қоқысқа төксе, ауыл мұнша шашылмас еді. Қоқыстардың ішінде бала жөргегі, қапшық, қағаз, әртүрлі шөлмек, қалбырлар кез келген жерде жатыр. Бұл мүлдем дұрыс емес. Сондықтан да ауыл тұрғындарын табиғатты аялауға, тазалыққа немқұрайлы қарамауға шақырамын, - дейді «Нұр-Шуақ» бөбекжай бала бақшасының әдіскері Нұрбану Мұқанова.

Нұрсәуле СҮЛЕЙМЕН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521