Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаевтың әр Жолдауында кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдауға басымдық береді. Бұл бағытта іске асқан шаралар Индер ауданның кәсіпкерлік саласында да көрініс табуда.
Аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Айгүл Үмітқалиевадан білгеніміздей, бүгінде ауданда жұмыс істеп тұрған 2 109 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі бар. Оның ішінде 105 заңды тұлға, 1543 дара кәсіпкер, 461 шаруа қожалығы бар. Биылғы қаңтар-қыркүйек айларындағы мәлімет бойынша, ауданда өндірілген өнім көлемі 6 559,0 млн.теңгені құрады. Бұл дегеніңіз 1 864 млн. теңгеге немесе өнім 27,9 пайызға артты деген сөз.
– Аудан бойынша әртүрлі кәсіпкерлік бағытта биылғы 9 ай ішінде 14 нысан іске қосылып, жаңадан 26 адам жұмыспен қамтылды. Әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар бойынша кәсіпкерлік мақсатта 50 жоба авторлары 737 млн. 486 мың теңге көлемінде несие алды. Осындай мемлекеттік тарапынан жеңілдетілген пайызбен несие, қайтарымсыз грант алып, өз кәсіптерін дөңгелентіп отырған кәсіпкерлер саны жыл сайын артуда. Оның ішінде жас буын кәсіпкерлер саны көбеюде, – дейді Айгүл Аралбайқызы сөзге тартқанымызда.
Ауданда статистикалық деректер бойынша 35 жасқа дейінгі тіркелген кәсіпкерлердің саны 934-ке жеткен екен. Биылғы жылдың ІІІ тоқсан қорытындысымен «Бастау-бизнес» жобасы шеңберінде «Enbek business» порталы арқылы 69 адам онлайн курстан өтіпті. Міне, аудан экономикасының бір бүйірін бүтіндеп тұрған кәсіпкерлік саласының тынысы осындай.
Саламат БАЗАРБАЕВ