Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

Ұлттық сананың мәйегі

Қазір елімізде жаңа Конституция жобасына байланысты жан-жақты пікірлер айтылып, түрлі ұсыныстар талқыға түсіп жатыр. Бұл – тәуелсіз елдің саяси санасының кемелденгенінің көрінісі. Әр азаматтың, әсіресе тарихқа бейжай қарамайтын зерттеушілердің өз ұстанымын білдіруі – заңды құбылыс. Мен де тарихшы ретінде осы мәселеге қатысты ойымды ортаға салғым келеді.

Еліміздің ресми атауы – Қазақстан Республикасы. Бұл атау тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері халықаралық деңгейде орнығып, әлем картасында өз орнын айқындады. Алайда мемлекет атауының тарихи және этникалық негізіне үңілсек, «Қазақ Республикасы» атауы да халқымыздың болмысына толық сәйкес келетінін байқаймыз.

Тарихи деректерге жүгінсек, 1920 жылы Орынбор қаласында құрылған автономиялық құрылым ресми түрде «Қырғыз (Киргиз) автономиялық республикасы» деп аталғанымен, шын мәнінде ол қазақ халқының мемлекеттілігіне негізделген құрылым еді. Сол кезеңдегі ресми атаудағы «киргиз» сөзі – патшалық Ресей тұсында қазақтарға таңылған атау болатын. Ал 1925 жылы республика астанасы Қызылордаға көшіріліп, тарихи әділеттілік қалпына келтіріліп, мемлекет атауы «Қазақ Республикасы» болып өзгертілді. Бұл – ұлттың өзін-өзі тануы мен тарихи атауын қайтарудағы маңызды кезең еді.

Демек, 1925 жылдан бастап «Қазақ Республикасы» атауы ресми түрде бекітіліп, ұлт атауына негізделген мемлекеттік құрылым қалыптасты. Бұл атау – халқымыздың тарихи, этникалық болмысына сай келген заңды әрі табиғи атау болатын.

Бүгінде еліміз көпұлтты мемлекет екені даусыз. Қазақстан жерінде сан түрлі этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келеді. Бұл – мемлекетіміздің басты құндылықтарының бірі. Дегенмен ресми статистикаға сүйенсек, республика халқының басым көпшілігін, шамамен 70 пайыздан астамын қазақ ұлты құрайды. Осы тұрғыдан алғанда, мемлекет атауын «Қазақ Республикасы» деп атау туралы пікірдің тарихи және демографиялық негізі бар деп есептеймін.

Әлемдік тәжірибеге назар аударсақ, көптеген мемлекеттер титулды ұлттың атауымен аталады. Бұл өзге этностардың құқығын шектеу деген сөз емес. Керісінше, мемлекет құраушы ұлттың тарихи рөлін айқындау дегенді білдіреді. Сондықтан «Қазақстан Республикасы» атауының сақталуы да түсінікті – ол көпэтносты қоғамның бірлігін бейнелейді. Алайда «Қазақ Республикасы» атауы тарихи сабақтастық пен ұлттық болмысты айшықтай түсетін нұсқа болар еді.

Тарихшы ретінде айтарым – атау мәселесін талқылау заңды. Ең бастысы, бұл пікірталас қоғамды жіктемей, керісінше, өткенімізді зерделеп, болашағымызды айқындайтын парасатты ой алаңына айналса игі.

Амангелді ШАМҒОНОВ,

ҚР Білім беру ісінің үздігі, профессор, Қазақстанның үздік өлкетанушысы, тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT