Қазақстан Республикасында құқық үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында 2021 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі (ӘРПК) қолданысқа енгізілді.
Бұл құжат елімізде әкімшілік әділет институтының қалыптасуына негіз болды. Әкімшілік әділет – бұл азаматтар мен заңды тұлғалардың мемлекеттік органдармен дауларын сот арқылы қарау жүйесі. Бұрын мұндай даулар азаматтық сот өндірісі тәртібімен қаралатын болса, қазір әкімшілік соттарда жеке іс жүргізу тәртібімен қаралады. Бұл – мемлекеттік орган мен азамат арасындағы құқықтық теңгерімді қамтамасыз ететін маңызды қадам. ӘРПК-нің басты қағидаттарының бірі – соттың белсенді рөлі. Яғни, сот тек тараптардың дәлелдерін күтумен шектелмей, істің мән-жайын жан-жақты, толық және объективті зерттеуге міндетті. Әкімшілік процестегі маңызды жаңашылдықтардың бірі – тыңдалым рәсімі (сотқа дейінгі немесе сот барысындағы тыңдау қағидаты).
Тыңдалым – бұл тараптарға өз уәждерін білдіруге, дәлелдерін ұсынуға, қарсы тараптың уәждеріне жауап беруге мүмкіндік беретін рәсім. ӘРПК-ге сәйкес әрбір тұлға сотта өз пікірін білдіруге құқылы. Сот тараптарды тең дәрежеде тыңдауға міндетті. Шешім тараптардың тыңдалу құқығы қамтамасыз етілген жағдайда ғана қабылдануы тиіс. Тыңдалым рәсімінің сақталуы – әділ сот төрелігінің кепілі. Сот тәжірибесінде тыңдалым қағидаты сақталған жағдайда: Тараптар істің барлық материалдарымен танысады; Қосымша дәлелдемелер ұсынуға мүмкіндік алады; Сот сұрақтар қою арқылы істің мән-жайын нақтылайды; Шешім толық зерттелген деректер негізінде шығарылады. Бұл өз кезегінде сот актісінің заңдылығын және негізділігін арттырады. Ал егер де, тыңдалым рәсімі толық сақталмаса, мысалы, тарапқа дәлел ұсынуға жеткілікті уақыт берілмесе, іс материалдарымен толық танысу мүмкіндік болмаса, сот тараптардың уәждеріне баға бермесе, процестік құқықтары түсіндірілмес, мұндай бұзушылықтар сот шешімінің күшін жоюға негіз болуы мүмкін. Себебі тыңдалым құқығы – конституциялық құқықтардың бірі және әділ сот талқылауының ажырамас бөлігі. Осы орайда, Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне 2025 жылғы 17 желтоқсандағы №241-VIII заңымен өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын. Бұл өзгерістер негізінен тыңдау рәсімі, процестік құжаттарды жасақтау және сот тәжірибесіндегі әкімшілік істерді қарау сапасын арттыруға бағытталған.
Нақтырақ айтқанда, бұл өзгерістердің мақсаты – азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту және әкімшілік рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету болып табылады. Осылайша әкімшілік әділет институты, азаматтардың құқықтарын тиімді қорғауға бағытталған. Бұқаралық құралдары арқылы Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексін халық арасында кеңінен насихаттаудың маңызы зор. Бұл арқылы азаматтар мемлекеттік орган әрекетіне шағымдану тәртібін, сотқа жүгіну мерзімдерін, өздерінің процестік құқықтары мен міндеттерін, тыңдалым рәсіміндегі құқықтарын білуі тиіс. Құқықтық сауаттылықтың артуы – азамат пен мемлекет арасындағы сенімді нығайтады.
Г. ШЕЛТЕУОВА,
аудандық сот әкімшісінің басшысы




