Таяуда «Арман» мәдениет үйінде КТК ойындарынан аудан әкімінің кубогі сарапқа салынған аймақтық сайыс өтті. Оған Ақтөбе облысының Байғанин ауданы, Атырау қаласы, Жылыой, Исатай аудандарынан және жергілікті жерден барлығы 5 команда қатысты.
«Сәлемдесу» және «Сұрақ-жауап» бөлімдері бойынша өткен сайысқа айтыскер ақын Шалқарбай Ізбасаров, «Сағыз» құрамасының ойыншылары Жасұлан Сапаров, Айдана Ижапқұлова, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Азамат Жақсиевтер қазылық етті.
КТК ойындары алғашқы бөлімнен-ақ тартысты басталды. Атыраулық «Той-Микс» командасы заманауи тойлардың кемшілігін әзілмен жеткізсе, «Жылыой жастары» командасы қазіргі жастардың мәселесін қалжыңмен көтере білді. Ал, исатайлық «Зинеден» командасы болса ақын Шалқарбай Ізбасаровты жекпе-жек айтысқа шақырып, өзгелерден ерекшеленді. Әзіл сайысында Ақтөбе облысы Байғанин ауданынан келген «Жем-Сағыз» бен жергілікті «Маями» командасы көрермен мен қазылардың көңілінен шықты. Екі команда да ауыл тірлігін қазақы қалжыңмен жеткізіп, дайындықтарының жоғары дәрежеде екендіктерін көрсетті.
Тартысты өткен ойын нәтижесінде аудан әкімінің кубогі мен 200 мың теңге сыйақыны Ақтөбе облысы Байғанин ауданынан келген «Жем-Сағыз» командасы жеңіпалса, екінші орын мен 150 мың теңге ақшалай сыйлыққажергілікті «Маями» командасы ие болды. Сондай-ақ, исатайлық «Зинеден» командасы жүлделі үшін орын мен 100 мың теңге ақшалай сыйлықпен марапатталса, атыраулық «Той-Микс» және «Жылыой жастары» алғыс хаттармен мадақталды. Ал, сайыстың «Үздік ойыншысы» атағына «Маями» командасының мүшесі Асыланбек Келдібаев лайық деп танылды. Сайыс соңында сөз алған аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев жеңімпаз бен жүлдегерлерді марапаттап, барлық командаға өз алғысын білдірді.
Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН