Сағыз ауылдық округіне қарасты «Шұғыла» мәдениет үйінде 9 мамыр – Жеңіс күніне арналған «Бейбіт өмір – ел ертеңі» атты салтанатты жиналыс болып өтті.
Шара ұрыс даласында қаза болған боздақтар мен соғыстан аман-есен елге оралып еңбек еткен майдангерлерді және өмірден өткен тыл ардагерлерін бір минут еске алудан басталып, одан әрі Сағыз ауылдық округі әкімінің орынбасары Естай Мақсотовтың құттықтау сөз сөйлеуімен жалғасын тапты. Сонымен қатар, ол бір топ тылда жанқиярлықпен еңбек етіп, жеңісті жақындатуға зор үлес қосқан тыл ардагерлеріне округ әкімі атынан құттықтау хат пен заттай сыйлық табыс етті. Одан соң, әншілер Нұрболат Баяшов, Ғафура Жанбосынова, Мәншүк Мерғалиева, Сағыныш Шамұратовалар Орал Қосай Байсеңгірдің сөзіне жазылған Нұрталап Жүсіповтің әні «Бабалар аманаты», Қалидолла Ізекеновтың сөзіне жазылған Сисенбек Есенғалиевтің әні «Майдангер, достарым», Алексея Суркованың сөзіне жазылған Константина Листованың әні «Вземлянка», «Әлия- Мәншүк», Бағдат Алтаевтың сөзімен әніне жазылған«Жеңіс күні» әндерін тамылжыта шырқаса, «Айданай» би ұжымы «Смуглянка» биін мың бұрала билеп берді.
Сондай-ақ, шара барысында «Шұғыла» мәдениет үйінің директоры Ғафура Жанбосынова Сағыз ауылдық округі Ардагерлер кеңесінің төрағасы, өлкетанушы Серік Тұрыш пен «Қызылқоға» газетінің бас редакторы Бауыржан Сисеновті сахна төріне шақырып, бүгінгі ұрпаққа бейбіт өмір сыйлаған ата-әжелердің ерлігі хақында сыр сұхбат өткізді. Сұхбатқа қатысушылар өз кезегінде өздерінің «Ерлікке тағзым» кітабының шығу тарихын, Сағыз ауылдық округінен соғысқа аттанып, хабарсыз кеткен майдангерлердің ерлік істері, «Гурьев – Қандағаш» темір жолының тарихи маңызы, қан-қасап ұрыс даласынан елге аман-есен оралып, білім беру және басқа да салаларда тағылымды іс атқарған ардагерлердің жас ұрпаққа көрсеткен үлгі-өнегесі, жеңісті жақындату жолында тылда жанқиярлықпен еңбек еткен ата-әжелердің ерен ерлігі туралы құнды деректерімен бөлісті. Сұхбатқа қатысушыларға Сағыз ауылдық округінің әкімі Өтепберген Әділовтің Алғыс хаты табыс етілді.
Сөйтіп, мәні мен сәні астасқан салтанатты шара көрермендердің көңіліне көрікті ой ұялатып,
«Жеңіс» деген жақсылықтың сыңары
Жігерменен құштарлықтың құралы
Күрескердің арманы мен ұраны
Қуаныш пен мерекенің бұлағы» деген шаттыққа толы өлең шумағымен тәмамдалды.
САТЫБАЛДЫ САҒЫМПАЗ
Суреттерді түсірген Жайлау Таласов