Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

«SARMAD» СЫЙЛАҒАН КОНЦЕРТ

«Арман» мәдениет үйінде Отан қорғаушылар күніне орай салтанатты жиын болып өтіп, шараға қатысқан еңбек ардагерлерін, ауыл тұрғындарын, ауған соғысының ардагерлері мен аудандағы Тәжік-Ауған шекарасында әскери борышын өтеп келгендерді аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев  құттықтады.

Мемлекетімізді сыртқы қатерден қорғап тұрған айбынды әскеріміздің жауынгерлік қабілеті мен ерлік дәстүрі қашанда бағалауға лайық. Армияның рухы жалпы ел азаматтарының елжандылық қасиеттеріне, сарбаздардың ел қорғаудағы шынайы адалдығына байланысты. Бұл тұрғыда әскери-патриоттық тәрбиенің маңызы зор. Ежелден жаужүрек ата-бабаларымыз кең байтақ жері мен ынтымақты елін ғасырлар бойы ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап, бізге жеткізді. Бүгінгі ұрпақ бұл үрдісті лайықты жалғастыруы тиіс. Сондықтан да бабаларымыздың жауынгерлік дәстүрін сақтау – бүгінгі сарбаздардың қасиетті борышы. Тәуелсіз еліміздің абыройы асқақтап, әскеріміздің айбыны арта берсін! Мерекеқұтты болсын! - деген аудан басшысы Тәжік-Ауған соғысының ардагері Мұратбек Шанғалаевтың кеудесіне «Қазақстан Республикасының құқықтық тәртіп әскеріне 30 жыл» төсбелгісін қадаса, ауған соғысының ардагері Серікқали Бишекин, Тәжік-Ауған соғысының ардагері Талмас Ибраш, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің келісімшарт бойынша әскери қызметке қабылдау жөніндегі инспекторы Байбақты Қалиевтарға облыстық мәслихаттың және бір топ азаматтарға аудан әкімінің алғыс хатын табыс етті.

1f20f251-d2fc-4c72-aba3-3998373dc57d

Сондай-ақ жиында құттықтау сөз сөйлеген аудандық мәслихат хатшысы Альберт Аққайнанов пен аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығының орынбасары Мұхамбетқали Солтанов  қарулы күштер ардагері Есенбай Нұров, алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері Нұрлыбек Мұса, Жандос Дүйсенелиев және Тәжік-Ауған соғысының ардагерлерін алғыс хатпен марапаттады.

2c418a4d-fa8f-4732-bd6c-a44b410be8a8 

Салтанатты жиыннан соң көрермендер «SARMAD» этно-фольклорлық ансамблінің мерекелік концерттік бағдарламасын тамашалады. Жерлесіміз Бауыржан Ақтаев жетекшілік ететін этно-фольклорлық ансамбль «Беташар», «Шашу», «Әгугай», «Көктем сазы», «Әуен», «Япурай», «Жаппас қобыз-домбыра», «Шаң қобызға арнау», «Кенесары», «Көшпенділер рухы» шығармаларын орындаса, ансамбль мүшелері Темір Ақбөкен «Төремұрат», «Жұмыр қылыш» күйлерін күмбірлете тартып,жыршы Бақтыбек Сәрсенов Сүгірдің термесін, Абзал Сейқуатұлы «Бір досың керек екен», әнші Ләззат Тастаева «Қаракөзім» әндерін тамылжыта шырқады. Концерттен соң аудан әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиев сахна төріне көтеріліп, Бауыржан Ақтаев пен ансамбль мүшелеріне тұрғындар атынан ризашылығын білдіріп, аудан әкімінің алғыс хатын табыс етті. Сөйтіп, салтанатты жиынға келген ауыл тұрғындары «SARMAD» этно-фольклорлық ансамбль мүшелерінің ұлттық нақыштағы шырқалған әндері менкүмбірлете шерткен күйлерін тыңдап, көңілдерін бір сергітіп қайтты. 

Бауыржан САҚТАСИНОВ.

Суретті түсірген автор

 

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT