«Заманына қарай адамы» демекші әр дәуірдің, әр қоғамның өзіндік мәселелері мен дерттері де әүртүрлі болатыны түсінікті. Бұрын көптеген жас алкагольді ішімдікке салынып, үйіндегі дүниелерді араққа айырбастап отбасының шырқын бұзса, қазір ойынқұмарлар көбейді. Кезінде ойынқұмар деп тек карта ойнайтын адамдарды айтса, қазір карта емес ұялы телефонның өзі құмарлықтың тереңіне сүңгітіп әкетеді. Бүкіл «джек-пот», ұтыстың бәрі соның ішінде. Бір қызығы картаны кемінде 4-5 адам болып ойнаса, қазіргі «ойыншылар» жалғыз өзі-ақ миллиондаған теңгені ойынға тіге салады. Бастысы ұялы телефон мен интернет болса жеткілікті. Алайда, әңгіме ойынды қалай ойнауда емес, оның зардабы мен зиянында. Қазір ойынқұмарлық қоғамның басты дертіне айналды десек артық айтқандық емес. Елімізде лудоманияның салдарынан сүттей ұйыған отбасылар ажырасып, үздік деген студент оқуынан шығып, үлгілі деген маман жұмысынан айырылып, талай адам қылмыс ажсап түрмеге түсіп жатыр. Осы ретте, «Бұл не қылған аждаһа, ол адамдарды қалай тартады, құмар ойынның қандай түрлері бар, оны ойнау жүйесі қандай?» деген заңды сауалдар туындап, аталмыш мәселені зерттеп, зерделегенді жөн көрдік.
Құмда ізі, сайда саны жоқ
Әлеуметтік ғылымдарда ойын құмарлықты лудомания деп атайды екен. Ал, құмар ойынның шырмауына түскендер лудомандар деп аталады. Сонымен қатар дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ойынқұмарлықты ресми түрде ауру деп таныған. Әлемнің дамыған елдері бұл мәселеге дерт есебінде қарап, оның емдеу жолдарын қарастырып жатқанымен елімізде лудоманияға ешқандай әлеуметтік статус берілмеген. Мысалы, құзырлы органдар мен медициналық ұйымдар алкогольге және наркологиялық заттарға тәуелділерді, бұрын қылмыс жасағандарды, отбасына тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсететіндерді, жат ағымда жүргендерді бәрін-бәрін тіркеп, есепке алғанымен тап осы ойынқұмарларды ешкім тізімге алмайды. Яғни, лудомандардың құмда ізі, сайда саны жоқ. Міне, осындай мемлекет тарапынан «сұрауы жоқ» адамдарды онлайн казинолар мен букмекерлік кеңселер шыр айналдырып, әбден тақырға отырғызуда.
Ойынқұмарлар мемлекет тарапынан тізімге алынбаса да ел ішінде кімнің қандай ойын ойнайтындығын лудоманның туыстары мен достары анық біледі. Алайда, осы ойынқұмарлықтан зардап шеккендер құзырлы органдарға келгенде нақты себебін айта бермейді. Интернет беттеріндегі ашық дереккөздерде елімізде құмар ойын ойнайтындар саны 350 мыңнан асты деген мәлімет жүр. Бұл онлайн казинолар мен бәс тігетін кеңселерде аккаунт ашып, тіркелгендер санынан шыққан деген дерек. Әрине, мұның өзі аз емес. Ал, аккаунт ашып тіркелмей ойнап жатқандар саны қанша? Яғни, жоғарыда айтқандай ойынқұмарлық нақты бақылауға алынбағандықтан оны ойнайтындар саны, одан келіп жатқан зиян мөлшері, лудомандарды емдеу сынды мәселелер басы ашық күйінде қалып отыр.
Опық жегізген онлайн ойындар
Осыдан он шақты жыл бұрын еліміздің барлық ірі қаласында казинолар заңды түрде жұмыс жасап тұрғаны белгілі. Кейіннен мемлекет тарапынан казиноларды бір жерге шоғырландыру туралы шешім қабылданып, көз ұзамай ойынханалар Қапшағай және Шучинск қаласына толықтай көшірілді. Бұл онлайн ойындардың дамымай тұрған кезі болатын. Алайда, казинолар көшкенімен көп ұзамай оның орнын букмекерлік кеңселер мен онлайн казинолар баса бастады. Содан бері ешкім сонау Қапшағайға аяқтай барып, казино жағалап жүрмейді. Есепшотқа ақша салып қояды да, үйінде жатып алып ойнай беретін болды. Яғни, онлайн ойындар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Бұрын казино, бәс тігу ойындарын тек орта жастағы қалталы кәсіпкерлер мен байлар ғана ойнайтын болса, қазір жұмыссыздар да, студенттер де екі-үш мың теңге ақшамен ойнай береді. Ең сорақысы – онлайн казинолар мен букмекерлік кеңселер шалғайда жатқан біздің ауданның жастарын да елітіп, өз құрығына түсіріп үлгерді. Ендеше, жастар жаппай тіркеліп, қызығына түсіп жатқан қандай ойындар? Сол жайлы кеңірек түсінік беріп кетейік.
Бүгінде ойын құмарлардың ең көп тіркеліп, бәс тігетін жері «1хбет» және «Олимбет» букмекерлік кеңселері. Бұл спорттық ойындарға бәс қабылдайтын ең ірі ойын жүйесі. Ұялы телефон арқылы тіркеліп, есепшотқа ақша салып, кез келген жерде ойнай беруге болады. Мұны көбіне жанкүйерлер мен әуесқой спортшылар, жастар ойнайды. Бұл ойындағы басты түсінік – өзің таңдаған спорт клубқа немесе спортшыға неғұрлым көп салсаң соғұрлым көп ұтасың. Тағы бір ерекшелігі – алғаш тіркелген адамға 20 мың теңге бонус беріп, қызықтырады. Сонымен қатар, көптен ойынға кірмей кеткен аккаунт иесіне телефон соғып, «Ақшаңыз болмай жүрсе біз бонус береміз» деп өзіне тартады. Алайда, соған еріп кірген адам алған бонусын жойып алады да, тағы да өз қалтасынан ақша салып, бәстің қызығына түсіп қалай ұтылып қалғанын білмей қалады. Ең қиыны – тап осы букмекерлік кеңселердің жарнамасы әлі де жер жарып тұр.
Ойын құмарлардың тағы бір шоғырланған жері – «Pin-Up» деген онлайн казино. Жоғарыда айтқан «1хбет» пен «Олимбет» тек спорт ойындарға бәс қабылдаса, бұл кәдімгі казино. Тек онлайн түрде ойнайсың. Ойнайсың деген жай сөз, бұған бір кірсең шығу өте қиын. Себебі, мұның ішінде казиноның «Авиата», «Шарик» «Краш», «Роял», «Потс Ришес», «ДжетХ» дейтін неше түрі бар. Біреуінен ұтыс шықпаса, екіншісін ойнайсың. Бір сөзбен айтқанда, шырмап алар шырмауық іспеттес. Бұған тіркелу де, есепшотқа ақша салу да оңай. Ақшаң болмай жатса телефондағы бірлікті де салуға болады. Тіпті болмай бара жатса букмекерлік кеңсе тегін бонус береді. Сөйтіп одан әрі өзінің тұңғиығына ала кетеді.
Жоғарыда айтқан ойындардың бәрін де онлайн ойнауға болады. Бұдан бөлек ірі қалаларда лото клубтар жұмыс жасайды. Оны аяқтай барып ойнайды. Бұл клубтардың да адамды тарту шеберлігі таң қалдырады. Белгілі бір сома төлеп, ойнауға кірген сәтте ішінде бәрі тегін. Ішімдік, темекі, тамақ бәрін қалауыңызша ішіп-жеп, 24 сағат бойы ойнап отыра бересіз. Тіпті қасыңызға көмекші қыздарды да қосып қояды. Әдемі киініп, боянған сылқымдар сізге қолдау білдірген болып, барынша жібермейді. Ақшаңыз болмай жатса жылдам ақша немесе несие алуға үгіттеп, барлық мүмкіндікті жасайды. Лото клубтардың ішіне бір кірген адам сыртқы әлемді ұмытып кетеді. Себебі, күндіз-түні ашық, тамақ, шай тегін. Көп жағдайда екі-үш күндеп үйіне келмеген адамдарды полицияға хабарлап, іздеу салғанда осы лото клубтардан тауып жатады.
Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН


