АСТАНА. KAZINFORM — Гранттық қаржыландыру аясында Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты ирригация мен мелиорация салаларында төрт жобаны жүзеге асырып жатыр. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов ғылыми ұйымның жыл басынан бері атқарған жұмысы туралы есебін тыңдады.
— Іске асырылып жатқан жобалар деградацияланған суармалы жерлердің жағдайын жақсарту технологиясын әзірлеуді, Жамбыл облысындағы Шу өзенінің төменгі ағысын сумен қамтамасыз етудің ғылыми-әдістемелік негіздерін жасауды, шағын су өткізу көлемі бар суару каналдарына қолдануға болатын гидротехникалық автоматтандырылған қақпаның моделін әзірлеуді, сондай-ақ дренаж суын қайта пайдалану арқылы суармалы жерлердің сумен қамтылуын арттыруды қамтиды, — делінген хабарламада.
Бүгінде «Су шығыны аз суару каналдарында қолдануға арналған гидротехникалық автоматтандырылған қақпаның моделін әзірлеу» жобасы бойынша модельдің сызбасы, пайдаланушы интерфейсі және деректер базасы дайындалды. Сонымен қатар Жамбыл және Түркістан облыстарында автоматтандырылған гидротехникалық қақпаны пайдалану бойынша семинарлар өткізілді.
«Жамбыл облысындағы Шу өзенінің төменгі ағысын сумен қамтамасыз етудің ғылыми-әдістемелік негіздері» жобасы аясында су шаруашылығы іс-шараларының жоспары әзірленді. Сонымен бірге ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған отандық рецензияланатын басылымда екі мақала жарияланды. Дренаж суын суару мақсатында қайта пайдалану жобасы аясында ауыл шаруашылығы дақылдарын дренаж суымен суаруға арналған технология әзірленді. Технологияға патент алынды, сондай-ақ бұл әдіс ауыл шаруашылығы өндірушілеріне тәжірибе жүзінде көрсетілді. Рецензияланатын ғылыми басылымдарда мақалалар жарияланды.
— Қазақстанның су шаруашылығы саласын дамыту үшін ғылым өте маңызды. Біздің министрлік жүзеге асыратын әрбір жобаның ғылыми негіздемесі болуы тиіс. Сондықтан Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына үлкен үміт артамыз. Бүгінде министрлік институтты қаржыландыру мәселесін толық шешті. Енді су ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін нақты нәтижелер қажет. Институт министрліктің барлық бастамасына белсенді қатысып, әр жобаны жан-жақты ғылыми тұрғыдан талдауы керек, — деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Еске салсақ, Түркістан облысының Мақтаарал ауданында Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мамандары тік дренаж ұңғымаларын орнату және пайдалану кезінде шығынды айтарлықтай азайтуға арналған құбырсыз су тарту технологиясын далалық жағдайда сынақтан өткізіп жатыр.
Сенат су ресурстарын қорғауға арналған заңды мақұлдады.


